Онлайн форматта қызмет көрсетеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар азаматтарға ым-ишара тілі мамандарының қызметтерін көрсетудің қолданыстағы қағидаларына өзгерістер енгізуді көздеп отыр.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар үшін аталған қызмет­терді онлайн форматта алу мүмкіндігі қарастырыл­ған. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порта­лын­да жарияланды.

– Қазіргі қағидаларға сай, инфекциялық ауру­лар ым-ишара тілі маманының қызметтерін алуға қар­сы көр­сетілім болып саналады. Соның салда­ры­нан мұндай қыз­мет мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімсіз еді, – деп түсіндірді Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінен.

Жоба қабылданған жағдайда, бұл санаттағы аза­маттар ым-ишара тілі қызметіне қашықтан қол жет­кізе алады. Бұл олардың құқықтарын қамта­ма­сыз етуге және өмір сүру сапасын арттыруға ық­пал етпек.

Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында 2025 жылғы 10 қыркүйекке дейін қоғамдық тал­қы­лау үшін орналас­тырылды.

Тілек ҚАБЫЛ