Буллингке салынатын бұғалық

Бала қауіпсіздігі – болашақтың қамы. Сондықтан өскелең ұрпаққа білім беру және олардың денсаулығын сақтау, зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелері ең өзекті болып саналады.

2025 жылғы шілде айындағы ресми статистикаға сәйкес, елімізде 6,9 миллион бала бар. Оның 3,9 миллионы оқушы болса, 1 миллионнан астамы балабақшаға барады, ал колледждерде 556 мың студент оқиды.

Кәмелет жасына толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқықтық базаны күшейтуге арналған бірқатар жұмыс жүзеге асырылды. Өскелең ұрпақтың алаңсыз, қауіпсіз, тең құқылы білім алуы мен саулығын қорғау үшін 2024 жылы 3 негізгі заң қабылданды. Олардың қатарында жетім балаларға тәлімгерлік туралы заңдар, буллингке қарсы күрес және қауіпсіздікті нығайту мен кәсіби патронаттық тәрбиені құру шаралары бар. Құжат Мемлекет басшысының отбасылық және тұрмыстық салалардағы зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Қабылданған заң нормалары балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа мүлдем төз­беушілік принципін қолдайды. Сала ма­ман­дарының айтуынша, аз уақыт ара­лығында заңға енгізілген алдын ала ескертусіз тек­серулер жүргізу нормалары нәтижелі көр­сет­кіштер бере бастаған. Бір жыл ішінде Ба­лалардың құқықтарын қорғау комитеті 58 тексеру жүргізіп, 1 500-ден астам баланың құқығын қалпына келтірген. Ескертусіз тек­серу нәтижесінде 24 ұйым басшысы әкімшілік, 78 маман тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Заң қолданысқа енгізілгенге дейінгі Бас прокуратураның мәліметінше, Қа­зақстанда жыл сайын отбасылық абьюзер­лердің қолынан кемінде 80 әйел қаза тапса, күнделікті полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 300-ге жуық арыз келіп түсетін. Бала құқықтары жө­нін­дегі уәкіл Динара Закиева тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 2023 жылы 69 әйел мен 7 бала қайтыс болғанын және күн сайын 342 адам отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырай­тыны туралы мәлімдеген болатын. 

Ресми ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың алғашқы бес айында балаларға қатысты жыныстық қол сұғылмаушылықты бұзу қылмыстарының саны 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,3%-ға азайса, ауыр қылмыстар – 8%-ға, аса ауыр қыл­мыстар 19%-ға қысқарған. Заң шеңберінде еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары ашылып, 2025 жылдың басынан бастап бұл орталықтар 50 мыңнан астам азаматқа, соның ішінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен ата-аналарға көмек көрсетті.

«Бұл заң жекелеген әрекеттерден жүйелі тәсілге көшуге мүмкіндік берді. Бүгінде елімізде балаларды қорғаудың тұрақты моделі қалыптасты, онда мектептен бастап уәкілетті өкілге дейінгі әрбір буын алдын алу мен көмек көрсету үшін жұмыс істейді», – дейді Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

«ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы енгізіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен ұстаздардың дәстүрлі тамыз кеңесінде жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингке қарсы «ДосболLIKE» профилактикалық бағ­дар­ламасы іске қосылатынын айтты.

Оқу-ағарту министрлігінің хабар­лауынша, бұл бағдарлама еліміздің мек­тептері мен колледждерінде қауіпсіз білім беру ортасын құру мақсатында балалардың әл-ауқаты индексінің қағидаттары мен халықаралық және отандық нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес әзірленген және буллингке қарсы күрестегі үздік халықаралық тәжі­ри­белерге сүйенеді.

Оқу-ағарту министрлігінің Балалар құ­қықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова апробация нәтижелері оған мұғалімдер, ата-аналар мен балалардың қатысуы жанжалдасу деңгейін төмендетіп, сенім мен сыйластық мәдениетін қалып­тастыратынын айтты.

«Біз «ДосболLIKE» бағдарламасын буллингтің алдын алудағы тұрақты құрал ретінде қарастырамыз. Апробация нә­ти­желері көрсеткендей, мұғалімдер, ата-аналар мен балалардың бірлескен қатысу жанжалдасу деңгейін төмендетіп, сенім мен сыйластық мәдениетін қалыптастырады және мектеп ортасын анағұрлым қауіпсіз әрі қолайлы етеді», – дейді ол.

Оның пікірінше, бағдарлама аясында мамандарды ауқымды даярлау көзделген. Қазірдің өзінде 2,5 мыңнан астам педагог, психолог және білім беру жүйесінің қызметкерлері оқытылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8 мыңнан астам маманға жеткізу жоспарланып отыр.

Астана қаласының мектептерінде «ДосболLIKE» бағдарламасы бұған дейін пилоттық жоба ретінде жұмыс істеді. Қалалық Білім басқармасы берген ақпаратқа сәйкес, жобаны іске асыру жұмыстары пилоттық №4, №25, №71, №74 және №98 мектептерінде жүргізілген. Хабарламада қызмет буллингтің алдын алу әдістемесі негізінде 1-11-сынып оқушылары арасында диагностикалық және мониторингтік жұмыстарды, сондай-ақ жобалық қызметті ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылды деп жазылған.

Астана қаласы Кәмелетке толмаған­дардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлім Мұхамеджанқызының айтуынша, жоба аясында 8 710 оқушы, 1 230 педагог және 3 338 ата-ана қамтылды. 

– Пилоттық мектептерді әдістемелік қолдау бағытында жұмыс тиімділігін баға­лау, буллингтің алдын алу механизмдерін енгізу, іс-шараларды іске асыруды сүйе­мелдеу, жадынама әзірлеу және жолдау бойынша жұмыстар жасалды. Педагогтар және оқушылар, ата-аналар арасында «Білім беру ортасының психологиялық қауіпсіздігі» тақырыбында және «Біз өмір­дегі достықты бағалаймыз!» бейнеролик және «Достық үйі» суреттер байқауы ұйым­дастырылып, Chocolate Day іс-шарасы, «Бақытты балалық шақ» эссе байқауы, «Қарттар үйіне бару» қайырымдылық, «ДосболLIKE: достық қолын ұсын» ак­циялары, «Отбасы және бала тәрбиесі» 7-8-сынып ата-аналарымен психологиялық тренинг, «Жақсылыққа жаралған жүрек» айдентика байқауы секілді бірқатар ұйым­дастыру-сараптау жұмысы жүзеге асырылды.

Цифрлық шешімдерді қолдану бағы­тында студенттерге QR кодтары арқылы диагностикалық материалдарды ұсыну және педагогтарға арналған «Ерекше назар аударуды қажет ететін балалармен жұмыс істеу әдістері мен құралдары» тақырыбында онлайн-конференциялар және «Буллингтің алдын алудағы сынып жетекшісінің рөлі» тақырыбында онлайн-семинар өткізіл­ді, – деді Гүлім Мұхамеджанқызы. 

Маманның айтуынша, ұйымдастырылған іс-шаралар нәтижесінде пилоттық жоба сәтті аяқталды деп бағаланып, Астана қаласының білім беру ұйымдарында 2025-2026 оқу жылына арналған «ДосболLIKE» білім алушыларды жәбірленудің (буллингтің) алдын алу бағдарламасын енгізу жоспарланды.

Зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды

Жалпы, елімізде 2022 жылы жәбірлеу (буллинг) ұғымы заңнамалық түрде бекітілді. Мектептерде буллингке қарсы KiVa финдік бағдарламасы пилоттық түрде жүзеге асырыла бастады. Сонымен қатар «ДосболLIKE» буллингке қарсы пилоттық жобасы респуб­ликамыздың 50 мектебінде ұйымдастырылып, 9 өңірінде пилоттық режимде сыналды. Оған 70 мыңға жуық оқушы мен 5 мыңнан астам педагог қатысты. 

2023 жылы қабылданған балаларды зор­лық-зомбылықтан құтқару, суицидтің алдын алудан қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде балалар мен ата-аналарға кәсіби көмекке қол жеткізуді қамтамасыз ететін психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Сонымен қатар 24/7 режимінде жұмыс істейтін 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылды. Ресми статистика көрсеткіштері бойынша, байланыс орталығына 2024 жылдың қорытындысы бойынша, 17 мың баладан қоңырау түскен.

2025 жылдың қаңтар айынан бастап мектептер мен колледждерде Бала құқықтары жөніндегі уәкілінің қолдауымен «111» байланыс орталығына қолжетімділікті арттыру үшін арнайы QR-кодтар енгізілді. 2025 жылғы ақпандағы жағдай бойынша, орталыққа барлығы 25 мың смс-хабарлама келген. Мемлекет бұл хабарламалар негізінде балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын, бостандығын қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді. Сондай-ақ құқықтық базаны нығайтып, әлеуметтік қолдауды күшейте отырып, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы және болашағының жарқын болуының негізін қалайды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ