– Елбасы Н.Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатқалы бері тура бір жыл уақыт өтті. Егер аралық қорытынды шығарар болсақ, Тұңғыш Президенттің бұл шешімін оң бағалауға болады. Әрине, осы қадамның басты мақсаты – елдегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл міндет орындалды. Яғни, шешім өзін-өзі ақтап келеді. Қазақстанда саяси жағдай тұрақты. Елбасы сенім артқан, халық сайлаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саясат сабақтастығын сақтап, көптеген іргелі мәселені шешумен айналысуда. Осы орайда, ішкі саясатта да, экономикада да жаңа көкейкесті проблемалар туындап жатыр. Мысал ретінде Қордай оқиғасын, қоғамдағы саяси белсенділіктің артуын, коронавирустың таралуын айтуға болады. Жаңа билік проблемалар шешімін таба алатынын паш етуде. Осы бір жыл ішінде Президент Әкімшілігі мен Елбасы Кеңсесі арасында белгілі бір өзара әрекеттестік үлгісі қалыптасты. Бұл Қазақстанның саяси жүйесі, саяси тәжірибесі үшін бұрын-соңды болмаған тың дүние. Тараптар бірігіп, ынтымақтаса жұмыс істей алатынын көрсетуде. Қ.Тоқаевтың Президенттігі күрделі кезеңге тап келді. Коронавирустан бөлек, алдағы уақытта жаһандық экономикадағы қиыншылықтардан өрбитін проблемалар елге де ықпал етері сөзсіз. Мұнай бағасының арзандап кетуі кесірінен ұлттық валюта бағамы құнсыздануда. Үкімет пәрменді шаралар қабылдамаса, ол ішкі нарықта бағалардың қымбаттауына соқтырады. Бұл тұрғындарды қатты алаңдататынын билік түсінуі керек. Осы бағытта жүйелі жұмыс қажет. Мемлекеттік бағдарламалар қабылданған, оларды сапалы жүзеге асыру маңызды. Бұдан басқа, ұлттық қауіпсіздік саласындағы мәселелер де баса мән беруді талап етеді. Әлемдік державалар ортасында отырған қазақ елі олар арасындағы қайшылықтарды да қаперде ұстағаны абзал.