Бұл бағытта Жамбыл облысы республика көлемінде алғашқы орында тұр. Енді міне, Мойынқұм ауданында да жел электр стансасы жобасы қолға алынып, энергия өндірісінің өрісі кеңеюде.
Облыс әкімдігі Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, «Жасыл экономиканы» дамыту аясында республика көлемінде 100-ге жуық жаңа жоба енгізіліпті. Дәл қазір ел көлемінде жалпы қуаты 3032,12 мегаватты құрайтын 153 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны жұмыс істеуде. Ал өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны іске қосылған. Атап айтқанда, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 275,65 мегаваттық 10 жел және 271,25 мегаваттық 6 күн электр стансалары бар.
Жамбыл облысы жел электр стансасы нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары жалпы қуаты 2 гигаватты құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Нақтырақ тоқталсақ, Мойынқұм ауданында Total Eren жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы салынса, Сарысу және Талас ауданында Masdar (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.
Франциялық Total Eren, Біріккен Араб Әмірлігінің Masdar және Kidf компаниялары ауқымды жел электр стансаларын салуға ниет білдіріп жүргені бұған дейін айтылған. Ал Мемлекет басшысының Қытай еліне ресми сапары кезінде қытайлық State Power Investment Corporation компаниясымен осындай тағы бір жобаға келісім жасалды. Нәтижесінде, бұл салаға тартылатын инвестиция көлемі шамамен 3 миллион АҚШ долларынан асады.
Жалпы, әлемдік сарапшылардың зерттеулері сайын даламыздың басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 6 метрден асатынын дәлелдеді. Ал күн энергиясын өндіру мүмкіндігі сағатына 2,5 миллиард киловатт деп белгіленген. Әсіресе, елдің оңтүстігі күннің қызуынан қуат өндіруге таптырмас өңір болып бағалануда.
Рас, бүгінде елімізде баламалы табиғат көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толық шешімін таппаған. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрып отыр. Еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, бұл қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік.
Негізі, елімізде сағатына 1 триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндік бар екен. Мұны көріп, біліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындауда.
Қазір Қордай мен Сарысу аудандарында жел электр стансалары жұмыс істеп тұрса, Қаратау қаласының маңында әрқайсысы 4,5 мегаватты құрайтын 5 жел электр стансасы пайдалануға берілген. Енді Мойынқұм ауданында салынатын 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы энергия өндірісін тағы өрістеткелі тұр.
Осы жерде бір атап өтерлік жайт, Мойынқұм ауданында салынатын жел электр стансасының құрал-жабдықтары өзімізде шығарылады. Атап айтқанда, Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында SANY Renewable Energy компаниясының зияткерлік өндіріс базасы жобасы қолға алынды. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының бірлескен жобасы аясында бұл аймақта жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салынғалы жатыр. Жобаның құны 53,6 миллиард теңгені құрайды. Аталған нысанның бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарлануда. Жылдық қуаты – бір-екі гегаватты құрайтын жел электр стансасының құрал-жабдығын шығару. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Ал стансаның екінші кезеңі жүзеге асырылған соң мұндағы жұмысшы саны 300-ге жуықтамақ. қос кезеңнің жобалық құны 114 миллион АҚШ долларын құрайды. Жалпы, бөлінген жер аумағы – 24 гектар.
– Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында салынатын 1 гигаваттық жел электр стансасының құрылысы бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Бетпақдала аймағынан, дәлірек айтсақ, Ермей елді мекені маңайынан жел электр стансасын орналастыруға 3 мың гектар алқап қаралған. Облыс орталығынан шалғай жатқан осындай жоба іске асса, аудан экономикасының артуына оң серпінін тигізері хақ. Ең бастысы оған Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында жасалған құрылыс заттары пайдаланылатыны қуантады. Шындығын айтқанда, облысымызда осындай Орта Азияда баламасы жоқ SANY компаниясының жел генераторларын құрастыратын зауыт салуы бізге үлкен күш бергелі тұр. Өйткені бұл жоба – облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін растап, тұрақты дамуы мен экологиялық таза технологияларды пайдалану негізгі бағытымыз екенін көрсетіп отыр.
Президент тапсырмасымен елге инвестиция салған инвесторларға барлық жағдайлар жасалуда. Ең алдымен, олар корпоративтік табыс, жер, мүлік салығынан және шетелден құрал-жабдықтарды тасымалдау барысында баж салығынан толығымен босатылады. Бұл инвесторлар үшін үлкен жеңілдік деп санаймын, – дейді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов.
Міне осылайша, Жамбыл облысы жаңартылған энергия көздерін өндірудің жаңа дәуіріне қадам жасап отыр. Бұл өз кезегінде ел мен өңір экономикасын өрістетіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтің әлеуеті де артатыны анық. Ал ең бастысы табиғат-Ананың тудырған желін кәдеге жарату қос қолдап қолдауға тұрарлық.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы