«Қайрат» - «Селтик»: Алатау баурайында айқасады

Шотландияның «Селтигі» 5 700 шақырымды артқа тастап, Алматыға келді. Олар «Қайратпен» екеуара Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің жолдамасын сарапқа салады.

Клубын қолдау үшін сонау Франкфурт – Ыстанбұл – Астана – Алматы бағытында ұшып келген жанкүйерлер де бар. Олар елорданы кішігірім Дубайға теңеп, артынша Медеуді бетке алмақ. Ойын туралы ойын Ермұхамед Мәуленге айтып беріпті.

Глазгодан жеткен сәлем

Иә, 26 тамыз күні Алматы жұрты алғаш рет орталық стадионда Чемпиондар лигасы гимнін естиді. Мұндай толқынысты сәт бұрын-соңды туған жоқ. Сондықтан «Қай­рат» жігіттері не бел, не белбеу кететінін біл­іп жүр. Осы ретте  белгілі спорт журналисі Ермұхамед Мәулен «Селтик» жанкүйерімен сұхбаттасып, оның матч туралы болжамын сұраған. Қазақстанға алғаш рет ат басын бұрған Джон ойын алдында қобалжып тұр­ғанын жасырмады. Өйткені шотландиялық команданың Еуропадағы өнеріне көңілі толмай жүр. Ол шабуылшы Дайзен Маэда алда ойнаса, үзілістен кейін бірнеше гол соғамыз деп отыр. Оның ойынша, 2:0 есебі­мен Глазгодан келген команда жеңіске жетеді. 

Сондай-ақ «Селтик» жанкүйері Франк­фурт – Ыстанбұл – Астана бағытында ұшып келіп, елордада тыныққан. Джонға қала тынысы, көшесі ұнапты. Астананың зәулім ғимаратына қарап, кішігірім Дубайға ұқсай­тынын айтқан. Журналистке берген сұхбат­ын­да 25 тамыз күні Алматыға ұшып, сол күні Медеуді аралайтынын айтқан екен. Алатау бөктеріндегі қала жайлы білетінін, әсіресе әдемі тау көрінісін тамашалауға кетіп бара жатқанын жеткізген. 

Байқағаныңыздай, шотландиялықтар елге бекер келмеген. Бапкерінің де, қолдау­шы­сының да бар ойы – жеңіс. «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин де «Селтик­тің» алғашқы кездесуде алматылық клубты бағаламағанын айтады. Яғни, қарымта матч біз ойлағаннан басқаша өрбуі мүмкін.  

«Бұл ойында «Селтик» есесін қайтаруға тырысады. Соған дайын болу керек. Олар барын салады. Біз де аянып қалмаймыз. Білесіздер, шотландиялық клубтағы бір фут­бол­шының бағасы – күллі «Қайраттың» құн­ына тең. Шабуыл шебіндегі бар ойын­шы­сынан қауіптенуге болады. Сондықтан қандай сценарий болмасын, дайынбыз. Матч пенальтиге жалғасса да, соңына дейін күресеміз. Орталық стадионда жанкүйер жад­ын­да сақталатын кездесу өткізуге тыры­самыз», – деді баспасөз мәслихатында «Қай­раттың» бас бапкері. 

Сонымен, ойынға «Қайрат» сапынан сары қағазға байланысты Дастан Сәтпаев, жарақаты бар Сантана мен Жоау Паулу алаңға шықпайды. Уразбахтиннің айту­ын­ша, Сәтпаев ойынға қатыса алмайтынына қатты қынжылған. Екі күн ешкіммен сөй­лес­пей, оқшаулау жүрген. Оған қоса, қақпа­шы Заруций тізесінен жарақат алып, оның орнына Темірлан Анарбеков шығады. Бұл 21 жастағы қақпашы үшін тамаша мүмкіндік. Өткен ойында басы жарылып жатса да, қасқайып қарсы тұра білді. Бір сейв жасап үлгерді. Сейсенбідегі кездесуде де бар өнерін салады деп ойлаймыз. 

Бір голдың соғылары анық, бірақ...

Айталық, Брендан  Роджерс Алматыға бекер келген жоқ. Бірінші матчтан кейін-ақ жинақталатынын, келесіде мұндай ойын көрсетпейтінін айтқан. «Қайрат» қамшыла­ды ма, Шотландия чемпионатында «Ли­винг­стонды» 3:0 есебімен жеңген. Алматыға 25 тамыз күні жетіп, дайындыққа кіріскен. Бапкердің жігіттерін бір сыбап алғаны анық. Өйткені «Селтик паркте» өткен матчта жан­күйерлер наразы болды. Әуелде «Қайратты» қалпақпен қағып аламыз деп ойлағаны рас. Оған алматылық клуб офсайдан салған бір голмен, жанкешті ойынымен жауап берді. 

«Негізі, «Қайрат» - «Селтик» ойынына болжам жасау қиын. Бәріміз жергілікті клубқа жанкүйер боламыз. Объективті түрде қарасақ, «Селтик» – өте мықты команда. Олар­дың Алматыға жеңіс үшін келгені түсінікті. Позитивті сценарий десек, «Қай­рат» үшін гол жібермей, қақпасын құрғақ ұстау міндеті тұр. Әйтіп-бүйтіп жүріп бір гол соғып алу жағы тағы бар. Өйткені бірінші матчта қорғаныста тамаша ойын көрсетті. Тек қана айып алаңына жатып алмай, жыл­дам қарымта шабуыл жасады. Оған қоса, стандартта да мүмкіндігін пайдалануға ты­рыс­ты. «Қайрат» 1:0 есебімен жеңіске жетеді деп ойлаймын. Десе де, қиын матч күтіп тұр. Алға, «Қайрат!» – деді Sport Plus Qazaqstan арнасының комментаторы Дидар Есемов. 

Болжам жасау барысында басқа да нұс­қа­ны қарастырып көрдік. Егер «Селтик» жылдам шабуылдап, гол соқса қалай бола­тынын талдадық. Сарапшылардың айтуын­ша, мұндайда «Қайратқа» қасық қаны қал­ғанша шабуылдауға тура келеді. 

«Қайрат» - «Селтик» ойынына болжам айту қиын. Әгәрәки, бірінші голды «Селтик» соқса, «Қайрат» тек шабуылдайды. Артқа шегінерге жол болмайды. Есепті кем дегенде теңестіру үшін ойнайды, барын салады. Бұрыштама көтереді, стандарт ситуациясын өз пайдасына шешуге тырысады. Допқа көбірек иелік ете бастайды. Есепті теңестіріп алса, экстра-таймға жетудің бар амалын жасауға тырысады», – деді футбол сарапшы­сы Ермұхамед Мәулен. 

Белгілі комментатор Ермұхамед Мәулен де әріптесінің сөзімен келіседі. «Қайраттың» бір доп айырмасымен жеңіске жететініне сенеді. «Сары-қаралардың» алғашқы ойын­дағыдай қорғанысқа көбірек көңіл бөлетіні үшін Мартынович сияқты қорғаушылардың ұрымтал тұсты жібермегені абзал. Эдмил­сондай шабуылшылардың барын салғаны керек.  Сондай-ақ Дидар Есемов Уразбахтин шәкірттерін жанкүйер қолдауына мас бол­май, эйфорияға берілмей ойнайды деп отыр. Дастан Сәтпаевтың алаңға шықпайтынын аса әсер етпейтінін, шабуылда Рикардиньо, Жоржиньо барын атап өтті.  Бірақ «Селтик» гол соғып кетсе, Сәтпаевтың импрови­за­циясы, алаңда амал тауып кетер шеберлігі жетпей тұратынын айтты.

«Селтиктің» осыған дейін Қазақстанға үш рет келгені тағы бар. Үшеуінде де жолы болмады. Аталған кездесулер «Астана-Аренада» өткен-ді. 2013 жылы «Шахтер» «жас­ылдарды» 2:0 есебімен тізе бүктірген. Одан кейін екі рет «Астанаға» қарсы матч өткізіп, 2016 жылы тең тарқасса, 2017 жылы 4:3 есебімен жеңілді. 

Орталық стадиондағы тарихи матчтың төрешісі – Маурицио Мариани. Одан бөлек, үш төреші мен бейнеқайталауға жауапты екі төреші бар. Ал статистикаға келсек, «Сел­тик» сырт алаңдағы кейінгі төрт ойында жеңіл­ме­ген. Үш рет жеңіске жетіп, бір рет тең ойна­ған. «Қай­рат» болса, орталық ста­дионда өткен кей­інгі үш ойында жеңілмеді. Сондай-ақ Чемпион­дар лигасы аясында «Олимпия­дан», «КуПс» пен «Слованнан» да басым түсті. Әттеген-айы чемпионатта «Елімайға» есе жі­бер­ді. Сөйте тұра, «Селтик паркте» Глазго жұ­р­­ты­мен «шай­қа­сып» қайтты. Шот­ландия­лық клубпен ұр­ыстың жақын екенін топшы­лаған «Оқжетпес» жігіттік жасап, чемпионат­тағы кездесуді кей­інге қалдырды. Естеріңізде болса, «Ас­та­на» да «Лозаннамен» қарымта матч алдын­д­а ҚПЛ-ді кейінге шегерген еді. Бірақ нәтиже көңіл көн­шітпеді. Ал­ алматылық жігіттерге демалыс жақ­ты ма, жоқ па, сейсенбі күні белгілі болады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ