12 халықаралық көлік дәлізі Қазақстанның стратегиялық логистикасын күшейтеді

Бұл туралы Ақорда ресми хабарлады.

Мемлекет басшысы қазір Қазақстан арқылы 12 халықаралық көлік дәлізі өтетініне, яғни бес теміржол және жеті автокөлік жолы еліміздің Еуразиядағы стратегиялық логистикалық хаб ретіндегі позициясын бекіте түсетініне тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

– Біз ірі халықаралық бағыттарды, соның ішінде Орта дәліз бен Солтүстік – Оңтүстік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдауда негізгі рөл атқарады. Былтыр Құрық портында астық терминалын іске қостық. Ол жылына 1 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алады. Бұдан бөлек, Ақтауда өткізу қабілеті жылына 240 мың контейнерді құрайтын хаб салдық. Осы орайда Акаба портының стратегиялық әлеуетін бірлесе пайдалануға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент елімізде атом энергетикасы ұлттық экономиканың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі тұрақты қуат көзі ретінде қарастырылатынын жеткізді
– Қазақстан – жетекші уран өндірушілердің бірі. Елімізге әлемдік нарықтың 40 пайызға жуық үлесі тиесілі. Иорданиядағы уран жобалары бойынша «Қазатомөнеркәсіп» және JUMCO арасындағы келісім экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуде маңызды оқиға саналады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иорданияның агробизнес саласындағы әлеуеті мол екеніне назар аударды.

– Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының мүшелері ретінде бізді елдеріміз бен барша мұсылман әлеміне арналған ортақ мақсат біріктіреді. Бұл орнықты әрі әділ азық-түлік экожүйесін қалыптастыруды көздейді. Қазақстан әлемде егістік алқабы бойынша алтыншы орын алады, сондай-ақ дүниежүзілік ірі астық экспорттаушылардың ондығына енеді. Жыл сайын 8 миллион тоннадан аса бидай мен 2 миллион тоннаға жуық ұнды жаһандық нарыққа жеткіземіз. Еліміз Иорданияны жоғары сапалы, органикалық, халал және экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Біз Aljazeera Agricultural иорданиялық компаниясының елімізде құс фабрикасын салу жөніндегі бастамасын құптаймыз. Бұл жоба екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастықты нығайтуға жасалған нақты қадам болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент медицина саласындағы ықпалдастықтың маңызын атады. Оның айтуынша, Иордания әлемдегі жетекші медициналық орталықтардың бірі және жоғары деңгейде дамыған фармацевтикалық өнеркәсіпке ие.

– Иордания әлемнің 85 еліне фармацевтикалық өнімдерін экспорттайды. Сондықтан бұл қазақ-иордан экономикалық серіктестігінің негізгі секторының бірі. Қазақстан да өзінің әлеуетін дамытып, дәрі-дәрмек өндірісі мен медициналық құрал-жабдық шығаруда айтарлықтай табысқа жетті. Осы орайда QazBioPharm компаниясының DADvet иордан компаниясымен бірге Таяу Шығыс елдері мен біздің өңірімізге өзара вакцина экспорттауға бағытталған жоспарын қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.