Ол осыдан 10 жыл бұрын нан өнімдерін сатумен айналысқан. 2024 жылы жаңа бағдарлама туралы естіп, оған қатысуға бел буып, мамандардан кеңес алып, әкімдікке құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен 5 млн теңге несиеге қол жеткізді. Бұл қаражатқа үлкен пештер, қамыр илейтін құрылғы және қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, шағын наубайханасын іске қосты. Бүгінде цехта үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Наубайханада күніне 400-ге жуық бөлке, қара нан, сондай-ақ күнара 300 дана тәтті тоқаш әзірленіп, қала дүкендеріне жеткізіліп отырады.
«Бұл оңай шаруа емес. Әр кәсіпкер өз жолын бастағанда қиындықтарды бастан кешіреді. Ал ең маңыздысы – сабырлық таныту. Табыстың кілті – табандылық пен қажырлы еңбекте, мақсатқа сеніммен ұмтылуда. Біздің алға қойған жоспарларымыз бен айқын мақсаттарымыз бар», – дейді кәсіпкер Майра Қабатаева. Алдағы уақытта ол өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды, сондай-ақ кондитерлік цехты іске қосуды жоспарлап отыр.
Елнар ЕЛТАЙ