Оқушыларға қолдау жалғасуда

Алматы қаласына қарасты Алатау ауданында «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында дәстүрлі «Баланы мектепке дайындайық!» республикалық қайырымдылық акциясы өтті.

Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында ұйымдастырылған ілкімді іс-шара барысында балаларға оқу құралдары мен кеңсе заттары салынған 100 рюкзак табысталды.

Мұндағы мақсат – отбасыларға нақты қолдау көрсетіп, балаларға шынайы шаттық сыйлау. Оған «AMANAT» партиясы Алатау аудандық филиалының төрағасы Жарқынгүл Алдамбер­генова, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, партия фракциясының мүшесі Гүлжан Бекенова, акция демеушісі, кәсіпкер Ернар Биіков және оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Алатау аудандық филиалының төрағасы Жарқынгүл Алдамбергенова аталған акцияның маңызына тоқталып, қатысушылар мен демеушілерге айрықша алғыс білдірді.

«Біздің негізгі мақсатымыз – әр балаға қоғам тарапынан қолдау көрсетіп, олардың ертеңгі күнге сеніммен қадам басуына жағдай жасау. Табыс етілген сөмкелер – жай ғана оқу құралдары емес, бұл – шынайы қамқорлықтың, ыстық ықыластың және өскелең ұрпақтың баянды болашағына деген сенімнің белгісі. Осындай игі іс-шаралар балалардың жаңа оқу жылын қуанышпен бастап, білімге деген ынтасын арттыруға мүмкіндік береді. Ал ата-аналар қауымы болса, қоғам тарапынан қолдау бар екенін сезінеді», – деді Жарқынгүл Алдамбергенова.

Іс-шара барысында мерекелік концерт ұйымдастырылып, белгілі әнші Алма Аманжолова әннен шашу шашты.

Елнар ЕЛТАЙ