Жалпы, әлемдік философияда еркіндік туралы бір-біріне қайшы көзқарастар қалыптасқан. Мәселен, ғалым, философия ғылымдарының докторы академик Досмұхамбет Кішібеков «Еркіндік – жан қасиеті болғандықтан, адамның тұлғалануына керек бірден-бір шарт және өлшем» десе, француз философы Дени Дидро «Еркіндік жансыз дүниеге де тән. Әлемде қозғалмайтын зат жоқ. Бәрі қозғалыста, егер кейбір қозғалмайтын зат болса, оны ұстап тұрған кедергінің бар болғаны. Егер сол қозғалмай тұрған заттың кедергісін алып тастаса, ол қозғалысқа түседі. Олай болса, сол қозғалыстың өзі де еркіндік дейді. Демек, адам баласының өмір сүру еркіндігі жан қалауы, қозғалысқа ұмтылуы. Оны түрлі кедергімен тоқтату мүмкін емес. Алайда франко-швейцар философы Жан-Жак Руссо «Адам еркіндігінің тарихта дамуы, табиғи еркіндіктен басталады, бұл жерде тек қана өз жеке басының күшіне байланысты. Келесі сатысы азаматтық еркіндік, бұл келісімшартқа сәйкес бір адамның өз бостандықтарының бір бөлігінен бас тартуы, себебі ол қоғамның басқа мүшелеріне қамқорлығын білдіреді. Бұдан кейін моральдық еркіндік – еркіндік дамуындағы жоғарғы деңгейі. Осы деңгейде адам «өз-өзіне қожайын» болып шығады, себебі ол «өз-өзіне жазып қойған заңдарды жетекшілікке алады» дейді.
Демек, адамның ерік бостандығы, қалай десек те, белгілі бір заңдылықтарға тәуелді міндеттерден құралады және белгілі бір заңдылықтар негізінде шектеледі. Сол сияқты заң және тәртіп ұғымдары да адамның ерік бостандығына тікелей жауапкершілік жүктейді және жауапкершілік басталған тұста адамның әрекет етуі басталады. Мұны айтып отырған себебіміз, адам өміріндегі заң мен тәртіп, заң мен адам, адам құқығы мен бостандығы деген ұғымдардың шегі мен шексіздігі қандай деген сұрақтан туындайды. Сондай-ақ адам баласының ерік бостандығына кез келген мемлекеттің Конституциясы кепіл бола алады. Сол сияқты Қазақстан Республикасы Конституциясында мемлекеттің өлшеусіз байлығы халық екені тайға таңба басқандай анық көрсетілген.
Конституцияның 1-бабы 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Демек, еліміздің Ата Заңы «мемлекетіміздің өлшеусіз байлығы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екенінің кепілі. Яғни, мемлекеттегі барлық атқарылған және атқарылуы тиіс мақсат-міндеттер адамның игілігіне, халықтың игілігіне арналған.
Жоғарыда айтқанымыздай, адамның еркіндік бостандығы табиғи еркіндіктен басталып, азаматтық еркіндікке жалғасады және моральдық еркіндік деңгейінде өмір сүреді. Сондықтан жер дүниені мекен еткен халықтардың, мемлекеттердің өзіндік өмір сүру заңдылығы бар, өз заңы бар. Ол – Конституция. Қазақ елінің Конституциясы – Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 30 жыл болды. 1995 жылы бүкіл халықтың талғам-талқысы мен таразысынан өтіп, республикалық референдум негізінде қабылданған Ата Заңымыз мемлекетіміздің бүгінгі күнге дейінгі даму даңғылындағы барша жарқын істердің қайнар бастауына, темірқазығына айналды.
– Ата Заңымыздың тұтас тұғыры, негізгі ұстыны – қазақтың зайырлылық дүниетанымымен үндес. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттың ұстанымы мен құқықтық мемлекеттің негізін қалаған қағидаттардың табиғи үйлесімі. Қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетінде дін, діл, және дүниенің аражігін ажырата отырып, адам құқықтары мен ар-ождан бостандығына құрмет көрсетуге ерекше мән берілген. Сол себепті де Қазақстан Конституциясы зайырлы мемлекет қағидатын негізге ала отырып, әр азаматтың сенім еркіндігіне кепілдік береді. Бұл – еліміздің тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің берік тірегі, – дейді Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов.
Конституциямыз жылдар бедерінде, уақыт тезінде тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Сондай-ақ Конституциямыздың адам құқы мен бостандығын сақтаудағы рөлі «Адам және адамзат» деген ІІ бөлімінде бекітілген барлық заң негізінде егжей-тегжейлі қарастырылған десек, қателеспейміз. Ондағы заңдар адамдардың күнделікті өмірінде қолданысқа ие. Атап айтсақ, осы бөлімнің 12-бабының 2-тармағында «Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп заңның адам мүддесі үшін қызмет ететіні айшықталған. Мұндағы адам құқы мен бостандығын сақтаудағы маңыздылығы жеке басқа қол сұқпаушылық принципі тұрғысынан нақты мазмұнға ие деуге болады. Яғни, Ата Заңымызда айшықталған адам құқықтары мен бостандықтары – жеке тұлғаның әлем қауымдастығы мойындап, халықаралық-құқықтық құжаттарда бекітілген, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілген, ешкім шек қоймайтын немесе тыйым сала алмайтын құқықтары мен бостандықтары принципіне сүйенеді. Бұл өз кезегінде Конституциямыздағы «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деп жазылған қағидамен үндесе отырып, қоғамда әділдік пен сенімділік орнатуға негіз болады.
Қазақстан Конституция қағидаларына сай демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет саналады. Соған сәйкес, құқықтық мемлекетте адам құқықтары мен бостандықтары сақтала отырып, ешкімнің заңнан жоғары тұруына жол берілмейді. Азаматтың әлеуметтік жағдайына, лауазымына немесе байлығына қарамастан, ол заң алдында тең. Бұл – қоғамда әділ шешімдер қабылдануының, азаматтардың құқықтарының қорғалуының басты шарты. Егер біреу заңды бұзса, ол жауапкершілікке тартылуы керек. Заң үстемдігі тек мемлекеттік органдардың жұмысына байланысты емес. Бұл – әрбір азаматтың заңға деген құрметінен, оған бағынуынан басталады. Қоғам мүшелері заңды біліп, оны күнделікті өмірінде ұстанғанда ғана құқықтық тәртіп орнығады. Бұл – әділетті, парасатты және дамушы қоғамның көрсеткіші саналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Заң және тәртіп» стратегиялық бағдарын ұсына отырып, қоғамда заң үстемдігінің орнауы әділетті Қазақстан құрудың негізі екенін айтты. Бұл орайда мемлекеттік заңдылықты сақтайтын және қорғайтын, қоғамға мемлекеттік баяндауды насихаттайтын конституциялық орган ретінде прокуратураға белсенді рөл беріледі.
– Шынында да, «Заң және тәртіп» тұ-жырымдамасы әділ Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасы. Бұл біздің Конституциямыздың мәнін көрсетеді, онда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде танылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Құқық – жақсылық пен әділеттілік өнері» деген сөздің терең мағынасын атап өтіп, «Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамда тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет» деп атап көрсетеді. Менің ойымша, бұл идеология қоғамдық мұраттардың, әсіресе мәдени-адамгершілік, моральдық-этикалық, отбасылық-тұрмыстық, рухани-діни және, әрине еңбек ету, денсаулықты сақтау, білім алу құқығы сияқты конституциялық кепілдіктердің мызғымастығын сақтауды көздейді. Материалдық игіліктерді, меншікті қорғауды, кәсіпкерлік қызмет бостандығын да жоққа шығаруға болмайды, – дейді Бас прокурор Берік Асылов.
Яғни, Конституцияның адам құқы мен бостандығын сақтаудағы рөлі Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» стратегиялық бағдары негізінде беки отырып, қоғамның игілігіне қызмет ету мүмкіндігін кеңейте түседі. Ал қоғамда заң қорқыныш немесе тыйым салу, шектеу, жазалау механизмі емес, адам құқықтар мен бостандықтарының кепілі, әділеттілік, теңдік, жасампаздық құралы деген түсінік қалыптастыру мақсаты да Президенттің «Заң мен Тәртіп» бағдарының негізгі ұстыны саналады. Сондықтан құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі бар азаматтық қоғамды қалыптастыру процесі жүйелі шаралар мен идеологиялық жұмыстар негізінде қалыптасып, қоғам игілігін қамтамасыз етпек. Сондай-ақ адам еркіндігінің дамуындағы жоғарғы деңгей – моральдық еркіндік деңгейінде (Ж.Руссо) адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепілдік бермек.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ