Заң және тәртіп: ортақ міндет

Елімізде мемлекеттік саясаттың негізін қалыптастыратын және қоғамдық даму векторын белгілейтін негізгі стратегиялық бағыт ретінде заң және тәртіп қағидаты қалыптасып келеді.

Президент тапсырмасына сәйкес, адамның құқықтары мен бостандықтарын әділ қамтамасыз етуге кепілі бола алатын – заң мен азаматтардың мемлекетке деген сенімін және жауапкершілігін қалып­тастыратын – тәртіп орнатуға құқық қорғау органдары мен қоғамды жұмылдырудың маңызы зор. Маңғыстау облысының Әділет департаменті «Заң мен тәртіп» қағидатын ақпараттық ілгерілету мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырып, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Әсіресе, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы мерейтойы қарсаңында аза­маттарға тегін заң көмегін көрсетуге ар­налған түрлі акциялар өткізудің нәти­жесінде тұрғындарға «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ-на жүгіну тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ жаз бойы «Заң мен тәртіп» ақпараттық-түсіндіру апталығы аясында прокуратура, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономи­калық тергеп-тексеру департаменті және басқа да уәкілетті органдардың өкілдерімен бірге азаматтарды мобильді қабылдау облыстың барлық аудандары мен елді мекендерінде, оның ішінде шалғай және алыс ауылдарда да ұйымдастырылды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай 15 шілде күні Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанның қатысуымен өткен жиында: «Ең бастысы, қоғамда құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуы тиіс», – деп атап өтті.

– Ел болған соң түрлі келеңсіз оқиғалар орын алады. Бірақ ең маңыздысы – оларға уақытылы және жүйелі түрде әрекет ету. Жауапты органдар профилактикалық шараларды барынша күшейтуге тиіс. Құқық қорғау органдары бұл бағытта негізгі жұмыс жүргізетін құрылымның бірі. Сондай-ақ сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеу және жұмыспен қамтуды назарға алу керек. Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру үшін электронды бақылау құралдарының санын көбейту маңызды. Бұл жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Осы орайда Ақтау қаласында өткен «Отбасындағы зорлық-зомбылық – баланың болашағына төнген қауіп» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің маңызына тоқталсақ болады. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын түсіндіру мақсатында Ақтау қалалық Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесі ұйымдастырған жиында бала құқығы және отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі кеңінен талқыланды.

Отбасы-тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қарсы күрес бөлімшесінің басшысы Камила Қылишеваның айтуынша, аталған мәселеге байланысты 1 270 құқықбұзушылық дерегі тіркеліп, заңға сәйкес шешімдер қабылданған. Оның ішінде отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар аясында 203 әкімшілік құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырылған.

– Іс-шараның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды сақтау және бала құқығын қорғау мәселелеріне назар аударту. Ақтау қаласы ПБ жедел басқару орталығының деректеріне сәйкес, жыл басынан бері 102 желісіне 17 500-ден астам хабарлама тіркелген. Профилак­тикалық жұмыстар жалғасуда, – деді Камила Қылишева.

Сондай-ақ Ақтау қаласында от­басылық тұрмыстық қатынас саласында үнемі полицияға хабарлама беретін 102 отбасы анықталыпты. Арнайы топ олардың 46-ына барып, тұрғылықты мекенжайы бойынша профилактикалық сұхбаттар жүргізген. Кейбір мәселелер сол жерде шешімін тауып, азаматтар құқықтық кеңес алса, кейбір жағдайларда жазбаша өтініштер қабылданып, қарауға алынған.

Биыл Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» атты жаңа цифрлық сервисті іске қосты. Egov Mobile қосымшасы арқылы азаматтар полицияға тікелей құқық бұ­зушылықтар туралы хабарлауына болады. Қосымшаның басты бетіндегі арнайы «Заң мен тәртіп» түймесі арқылы хабар­ламаны жедел жолдау, өтініш қарапайым әрі түсінікті. Қоғамдық тәртіпті бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы немесе балаға төнген қауіп сияқты жағдайлар туралы дабыл бірден полицияға түседі және полиция қызметкерлері хабарлама түскен сәттен бастап әрекет етеді. Мақсат – полиция мен азаматтар ара­сындағы өзара әрекеттестікті же­ңілдету және жеделдету, жедел әрекет ету деңгейін арттыру және көмекті барынша қолжетімді ету. Сервис тәулік бойы жұмыс істейді, өтініштер бүкіл ел ау­ма­ғында қабылданады. Қазір «Заң мен тәртіп» атты жаңа цифрлық сервисі Маңғыстау облысында да тиімді қолға алынып, бейінді ведмостволар тарапынан нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіле бастады. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ