Қазақстандық шаруалар егін орағына қалай дайындалып жатыр

Егін орағы – ауыл шаруашылығындағы шешуші кезең. Оның нәтижесі шаруа қожалықтарының табысына да, ел экономикасына да әсер етеді. Сол себептен диқандар техникасын жаңартып, санын арттырып жатыр. Бұл мүмкіндіктің көбі «ҚазАгроҚаржының» жеңілдетілген бағдарламаларының арқасында жүзеге асуда.

Егінді уақытылы әрі толық жинау тек ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы саудаға да әсер етеді. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 51%-ға артып, $5,1 млрд-қа жетті. Бүгінде Қазақстан 66 елге өнім шығарады.

Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін шаруаларға сенімді техника қажет. Қазір фермерлер жаңа техниканы лизинг арқылы алып жүр. «ҚазАгроҚаржы» компаниясы 25 жылдан бері ауылдағы еңбеккерлерге осы мүмкіндікті ұсынып келеді. Мәселен, осы уақыт ішінде 94 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы шаруалардың игілігіне берілді.

Компания дерегінше, биыл келісімшарт көлемі бойынша Ақмола облысы көш бастап тұр. Одан кейін Солтүстік Қазақстан (30 млрд-тан астам) және Қостанай облысы (23 млрд теңгеден көп).

Ақмола облысындағы «Даниловское и К» шаруашылығы «ҚазАгроҚаржы» арқылы 32 млрд теңгеге техника лизингке алған. Бүгінде 12 мың гектар жерді өңдейді. Мұнда дәнді дақылдармен қатар, майлы дақылдар, күнбағыс, жасымық, бұршақ, бидай және көпжылдық шөптер өсіріледі.

Биыл шаруашылық екі заманауи комбайн мен ылғалдылық пен өнімділікті өлшейтін датчиктері бар жаткалар және телескопиялық тиегіш сатып алған.

«Мұндай бағдарлама болмаса, техниканы сатып алу қиын болар еді. Бір сәтте үлкен соманы төлеу мүмкін емес. Лизингтің арқасында дер кезінде егіс пен орақ жұмыстарын жүргізіп, дамуға және шаруашылықты ұстап тұруға мүмкіндік бар», – дейді шаруашылық директоры Айбат Есентұров.

Биылғы орақ науқанына шаруашылық толық дайын: жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектер алынған. Жаңа техника егін орағын жеделдетіп, сапасын арттырып отыр. Негізгі тәуекел тек ауа райына байланысты.

Айбат Есентұровтың айтуынша, күрделі мәселенің бірі – тасымал. Қазір астық жалға алынған көліктермен жеткізіліп жатыр. Алдағы жоспарда өздерінің тіркемесі бар КАМАЗ жүк көліктерін алу.

«Жаңа жылдан кейін тағы да «ҚазАгроҚаржыға» өтінім береміз. Қазіргі жағдайда заманауи техникасыз әрі жұмыс күші жетіспей тұрғанда, егіс пен орақ жұмыстары қауіпті аймақта қалады. Сондықтан аграрийлер үшін қолдау бағдарламаларының дамығаны өте маңызды», – деп түйіндеді Айбат Есентұров.

Қостанай облысындағы «Батыр Агро 2020» серіктестігі «ҚазАгроҚаржымен» бес жылдан бері серіктес.

Шаруашылық басшысы Таңатар Ахметовтің айтуынша, лизинг – шаруалар үшін тиімді құрал: пайыздық мөлшерлеме төмен (жылына 5%), төлем жылына бір рет, алғашқы жылы жеңілдік бар.

«Жаңа техника – жылдамдық пен сапа. Бұрынғы комбайн бидайды шашып, өнім аз шығатын. Қазір гектарынан 13-14 центнерден аламыз. Егіс көлемі ұлғайып жатқандықтан, техника әлі де жеткіліксіз. Сол үшін тағы трактор мен комбайн алуды жоспарлап отырмыз», – дейді ол.

Әрине, қиындықсыз болмайды. Мәселен, қосалқы бөлшектер кейде кешігіп қалады. Бірақ шаруалар бір нәрсеге сенімді: лизингсіз ауыл шаруашылығы мұндай қарқынмен дамымас еді.

Алғашында Солтүстік Қазақстан облысындағы «Екпін-2002» серіктестігінің қарамағында 700 гектар ғана жер болды. Сол кезде қолда бар техника бір ғана МТЗ тракторы еді.

2020 жылы компания «ҚазАгроҚаржымен» әріптестік орнатып, лизинг арқылы алғашқы егіс кешені, трактор, комбайн, соқа мен бүріккіш сияқты техникаларды сатып алды.

«ҚазАгроҚаржының қолдауы болмағанда, мұндай техника алуға шамамыз жетпес еді. Қазір сол көмектің арқасында 6 мың гектар алқапты игеріп отырмыз», – дейді «Екпін-2002»-нің директоры Өмірсерік Әбиев.

Бүгінде шаруашылықтың техника паркі айтарлықтай толыққан: бес комбайн, бір посевтік кешен, бес трактор, бес пресс-подборщик, роторлы шөпшапқыш, төрт соқа және басқа да құралдар бар.

Өмірсерік Әбиевтің айтуынша, жаңа техниканың пайдасы көп: жұмыс күші тарту жеңілдеді, өнімнің сапасы артты, техниканы жөндеу шығыны азайды.

 «Қызметкерлерімізге тұрақты жалақы төлеп отырмыз. Ең қуаныштысы – алған техниканың отандық өндірістен шыққан. Бұл біз үшін әрі сенім, әрі мақтаныш. Бізге осындай қолдау көрсетіп отырған «ҚазАгроҚаржы» компаниясына алғысымыз шексіз», дейді шаруашылық басшысы.

Фермерлердің сөзінен аңғарғанымыздай, лизинг – ауыл шаруашылығының сенімді тірегі. Ол болмаса, ораққа дер кезінде үлгеру де, өнімділікті арттыру да мүмкін емес.