«Әйеліне қолы тигені ұнамаған»: Түркістанда аяғы ауыр келіншекке көмектескен фельдшерді аяусыз ұрған

Жанына тәжірибеден өтіп жүрген қызды ертіп алып, шақыртуға келген фельдшер Құдырет Мүтәліпов соқыр ішектен күдіктеніп, аяғы ауыр келіншектің ішін ұстап, тексерген. Бірақ мұнысы күйеуіне жақпай қалған.

Түркістанда аяғы ауыр келіншек өзіне түсік тастау қаупі төнген соң, жедел жәрдем шақыртқан. Сол уақытта жедел жәрдем келіп, 26 жастағы фельдшер әйелді тексермек болады. Ал осы сәтте жедел жәрдем шақырған әйелдің күйеуі жедел жәрдем қызметкерін аямай соққыға жыққан, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.

Жанына тәжірибеден өтіп жүрген қызды ертіп алып, шақыртуға келген фельдшер Құдырет Мүтәліпов соқыр ішектен күдіктеніп, аяғы ауыр келіншектің ішін ұстап, тексерген. Бірақ мұнысы күйеуіне жақпай қалған. Әйеліне бөтен еркектің қолы тигеніне ашуланған ол фельдшерді оңбай соққыға жыққан. 

“Алдымен бетінен жұдырықпен ұрды, оң жақ бетінен ұрды. Ұрған кезде басы қабырғаға соғылып, отырып қалды. Аяғымен бар күшімен бетінен тепті. Мең-зең болды. Кейін аяғымен үшінші рет тепті. Сол кезде иығына тиді. Иығына тигеннен кейін, анасы артынан құшақтап, ажыратып алды”, – дейді оқиғаға куә болған практикант.

Науқастың күйеуінен таяқ жеген Құдырет Мүтәліпов ауыр соққылардан уақытша есін жоғалтқан. Оқиға болған күн мүлдем есінде жоқ. Ақхалаттылардың айтуынша, науқас екі аптадай уақыт емделуі керек.

“Тиісті диагностика зерттеуі жүргізіліп, жабық бас жарақаты, миының шайқалуы, көзінің жұмсақ тіндері зақымданған, гематома диагнозымен травматология бөлімшесіне жатқызылды. Қазір науқастың денсаулығы орташа ауыр. Тиісті мамандардың кеңесі тағайындалды”, – дейді Түркістан орталық ауруханасының бас дәрігері Бекзат Берденов.

Қызметкері соққыға жығылған Түркістан облыстық жедел жәрдем стансасы басшылығы фельдшер емделіп, жазылғанша оның жұмыс орны сақталатынын айтты. Сондай-ақ еш себепсіз медицина қызметкеріне жұдырық ала жүгірген ер адам мен жәбірленушінің туыстары өзара келісімге келген. 

“Біздің қызметкер кешірім берген. Қос тарап сөйлесіп, ол кісіге кешірім берген. Ешқандай арыз берілмеген. Полиция қызметі шақырту ала сала, негізі, тіркеуі керек. Бізден жедел жәрдем барды. Біз еңбек инспекциясына жазып қойдық. Ауруханадан анықтамасын аламыз, денсаулығы жайында, оны да Еңбек инспекциясына жолдаймыз”, – дейді Түркістан облысы жедел жәрдем стансасының заңгері Нұрмұхан Абдулла.

Болған оқиға жайлы полиция түсініктеме бере алмайды. Фельдшерді ұрған ер адам туралы да еш ақпарат жоқ.