Астанада Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай «Конституция және мемлекеттілік: құқық және болашақ диалогы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
28 тамызда конференцияның «Теңдіктің конституциялық кепілдіктері, қорғау құқығы және сот төрелігіне қол жеткізу» тақырыбына арналған бірінші сессиясы өтті.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев сессияны ашу барысында Конституциялық институттарды нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету және жеке адамның құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары болып табылатынын атап өтті.
– Тарих куә болғандай, конституциялар әрқашан мемлекеттердің дамуындағы шешуші бетбұрыс сәттерін бейнелеген. 1995 жылы жаңа қоғамдық келісімге ұмтылыстың көрінісі ретінде қабылданған біздің Конституциямыз да осы қатардан болды. Бүгінде ол туралы әңгіме құқық аясынан шықты. Бұл – қоғамның кемелдігі, құқықтық мәдениет деңгейі, өзін-өзі реттей алу қабілеті және жоспарлы даму мәселесі болып отыр. Конституция – тек институттар жүйесі ғана емес, сонымен қатар құндылықтар жүйесі. Ең прогрессивті негізгі заң да өз күшіне тек қана оның нормалары азаматтардың күнделікті санасының бөлігіне айналғанда енеді, ол мәжбүрлеу емес, ішкі қабылдау арқылы енеді, – деп атап өтті Ерлан Сәрсембаев.
Сессия шеңберінде конституциялық кепілдіктерді, оның ішінде заң алдындағы теңдікті, сотта қорғалу құқығын және сот төрелігінің қолжетімділігін іске асыруға байланысты өзекті мәселелер талқыланды.
Талқылауға Парламент, Конституциялық сот, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан конституциялық бақылау органдарының өкілдері, халықаралық сарапшылар, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтың және азаматтық сектордың өкілдері қатысты.
– Нормативтік құқықтық актілер сараптамасы енді конституциялық бақылау органының құқықтық ұстанымдарымен тығыз байланыста жүргізіледі, олардың басты мәні – конституциялық маңызы бар құндылықтарды сақтау, құқықтық айқындықты қамтамасыз ету, адам, қоғам және мемлекет мүдделерінің тепе-теңдігін сақтау, сондай-ақ заң алдында барлығының теңдігін қамтамасыз ету. Бұл тәсіл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру туралы идеясын бейнелейді және дамытады, оның ортасында – әрқашан адамның игілігі мен қадір-қасиеті тұрады, – деді министр.
Осындай ауқымды іс-шараны өткізу құқықтық мәдениетті нығайтуға және конституциялық нормаларды іске асыру негізінде жатқан «Заң мен Тәртіп» идеологиясын дамытудағы бағытты көрсетеді.
Конференция жұмысы 29 тамызда Тәуелсіздік сарайында жалғасады. Бұл күні конституциялық тұрақтылық, норма шығару қызметінің сапасын арттыру, сондай-ақ ұлттық конституциялық бірегейлікті қалыптастыру мәселелеріне арналған пленарлық және панельдік сессиялар өтеді.