Шымкент алғашқылардың бірі болып «Кітап оқитын ұлт» жобасына қосылды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, бұл – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік.

Шымкентте қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, жастар мен ересектердің оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы басталды. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді. Ол тұрғындарды осы игі бастаманы қолдап, белсенді қатысуға шақырды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деп атап өткен еді. 

Осыған орай күні кеше Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдау мақсатында «Кітап оқитын ұлт» атты республикалық жоба бастау алғанын жариялады. Алғашқы өңірлер қатарына Қарағанды, Қостанай облыстары және Шымкент қаласы кірді. 

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, бұл – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік.

– Шымкент – тек республикалық маңызы бар мегаполис қана емес, ол – тарихы терең, мәдениеті бай, білім саласының дәстүрі қалыптасқан шаһар. Сондықтан дәл осындай маңызы зор жобаның біздің қалада жүзеге асуы заңдылық,  деді қала әкімі.

Жобаға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орны студенттері, ұстаздар, отбасылық әулеттер мен мемлекеттік қызметкерлер қатысады. Қатысушылар «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» номинациялары бойынша сынға түседі.

Барлық қатысушыға ортақ талап – жауапты министрліктер мен түрлі сала сарапшыларының қатысуымен іріктелген 15 кітапты оқып, өз номинациясы бойынша байқауға қатысу. 

Мысалы, 6-10-сынып оқушылары үшін әр сыныпқа бөлек 15 кітаптан, жалпы, 75 кітап ұсынылды. Бұл тізімге «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасында іріктелген 100 шығарманың 43-і енді. Жалпы, жобада қазақ тілінен 150, орыс тілінен 150 кітап бар. 

Партия байқауының жеңімпаздары әр аталым бойынша қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады. Пилоттық жоба аясында үш аймақта 100 мыңнан аса адамды қамту жоспарланып отыр. Келер жылы жоба еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылады.

Жобаны «AMANAT» партиясы «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырып отыр. Бас демеуші – ALAGEUM ELECTRIC компаниясы.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шымкенттіктерді игі бастаманы қолдауға және республикалық жобаға белсенді қатысуға шақырды. 

«Кітап – білім мен шабыттың сарқылмас қайнары. Ол көкжиегіңді кеңейтеді, тұлғаңды қалыптастырады, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Кітапқа деген сүйіспеншілік – бәрімізге ортақ жақсы дәстүрге айналсын! Барша қатысушыға сәттілік тілеймін!» – деді әкім.

Байқау шарттары жайлы толық ақпарат қала әкімдігінің ресми сайтында жарияланады.