Жақында әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан оқиғалардың бірі –белгілі адвокат Ләззат Ахатова мен өзінің қорғауындағы қыз арасындағы шиеленісті жағдай. Жәбірленуші тараптың айтуынша, адвокат алғашқыда қолдау білдіріп, тіпті анадай қамқорлық танытқан. Алайда көп ұзамай, бұл қолдау мүлде басқа бағытқа өзгеріп, ауыр моральдық соққыға айналған.
"Ләззат Ахатова және Жанқоштың құпия келісімі
Байқасаңыздар, менің жағдайым туралы шудың шеті шыққалы жалма-жан ФБ әлеуметтік желісінің аса белсендісі Ләззат Ахатова бірден мені жақтаған бірнеше посттар жазып бастады. Әрине, барлығы мені жақтау мақсатындағы посттар еді… Бәлки, бұл клиент табудың амалы ма екен, кім біледі?! Әйтеуір, бұл кісіні әкем де жақтай кетіп, азғана уақыттың ішінде аяқастынан адвокатым болып шыға келді", – дейді Әнару Құрманәлі.
Жәбірленушінің айтуынша, әкесі Ләззат Ахатоваға істі жүргізу үшін 1 миллион теңге көлемінде ақы төлеген. Адвокат алғашқыда шын ниетпен көмектесетіндей кейіп танытқанымен, кейінгі әрекеттері мүлде керісінше бағыт алған. 4 ай бұрынғы соңғы посттарында қорғауындағы қызды “жарымес”, “мінезі нашар”, “қыз да оңып тұрған жоқ” деген тәрізді ауыр сөздермен балағаттап, оны қоғам алдында масқаралаған. Осы посттардан кейін қыз суицидке барудың аз-ақ алдында болғанын жасырмады. Адвокаттың жариялаған жазбалары оның өміріне үлкен әсер етіп, психологиялық тұрғыдан күйзеліске түсірген.
"Басында анамдай қамқор болып, сырымды біліп, алдағы әрекеттерімізге қанық болды. Әкемнің сөзінше, Ләззат Ахатоваға 1 млн көлемінде іс бойынша ақы төлеген екен. Бірақ басында жақтаған, аяған кейіп танытқан, кейіннен жер-жебіріме жетіп, жынды адамға шығарған посттарынан бөлек, нәтижелі әрекетіне қанық бола алмадық.
Соңғы рет 4 ай бұрынғы жазған посттары кенеттен мүлдем басқа арнаға бұрылды да кетті. Өң мен түстің ортасында жүрген мен үшін адвокатымның бұл әрекеті мүлде түсініксіз еді. Пост мәтінінде: мені барша ФБ әлеміне “қыз да оңып тұрған жоқ”, “мінез-құлқы нашар”, “жарымес” деген секілді мүлдем кереғар балағаттаулар толып тұр еді. Және әкеме де қарсы қойып, бірнеше жазбаларын қорғауындағы маған ерінбей арнады кеп… Сол постты оқығаннан кейін өмірмен біржола қоштаспақ болып, өз-өзіме қол сала жаздап, әрең ес жиғанымды қалай ұмытайын?! (Мұндайды кибербуллинг деуші ме еді, не деуші еді?! Осылайша, әкем екеумізді бір-бірімізге жауластырып, түлкі кейпінде істен кетті де қалды", – дейді ол.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, Ахатова істі аяқтамай, әкесімен де араны суытып, аяқастынан қарсы тараптың пайдасына жұмыс істей бастаған. Тіпті, соңғы кездері Ахатова мен қарсы тараптағы Жанқош есімді азаматтың жақындығын дәлелдейтін суретті әлеуметтік желіге таратты.
"Іс қалды, қу кетті. Сөйтсем, бұл кісінің көкейін тескен тағы да қу құлқын екен. Әкемнен бұдан кейін қызы үшін ақша өндіру қиын болатынын сезген болар, бәлкім?! Хош, ештеңе демейін. Ләззат Ахатова мен Жанқоштың байланысы осы суреттен-ақ көрініп тұр. Одан қанша ақша алғанын қалың ФБ қауымына ақталып, өзі жаза жатар)… Суретті бір оқырманым жіберіп, мән-жайға қанық болған соң, өз-өзіме келе алмай, беймаза күй кешіп жүрмін.
Енді айтыңыздаршы, кімдікі ақиқат, кімдікі шын? Қылмыс жасамаған зорланған қыз бала ма? Әлде қылмысын жасыру мақсатында адвокатымды сатып алған қарсы тарап па? – дейді Әнару.
Ә.Құрманәлінің жазуынша, бұл байланыс адвокаттың бейтараптығы мен кәсіби адалдығына күмән келтіретін көрінеді. Қазір қоғамдық пікір екіге жарылды: бір тарап қызды қолдап, адвокаттың әрекетін кәсіби сатқындыққа баласа, екінші тарап нақты дәлелсіз ешкімді кінәлауға болмайтынын алға тартады. Ал шындық қай тарапта екенін анықтау – тиісті органдардың ісі.