Конституцияға – 30 жыл: Әділет пен тұрақтылыққа апарар жол

Конференцияға қатысушылар Конституцияның 30 жылдығын атап өту – тек күнтізбедегі мерейтойлық іс-шара ғана емес, өткенді саралап, болашаққа бағдар жасайтын маңызды кезең екенін негізге алды.

Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына – 30 жыл. Осыған  орай Алматы қаласында «Конституция – әділет пен тұрақтылықтың тірегі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталмыш жиынға қала басшылығы, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар мен Қоғамдық кеңес мүшелері, құқық және қоғамдық ғылымдар саласының сарапшылары қатысты. Айтулы мереке қарсаңында ұйымдастырылған конференцияда еліміздің басты құжатының мемлекет тұрақтылығы мен әділетті қоғам құрудағы маңызы талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Ата заң – ел тарихындағы маңызды белес. 30 жылдың ішінде тарихи құжат Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық іргетасына айналды. Еліміздің саяси жүйесі қалыптасып, құқықтық мемлекет қағидаттары орнықты. Алматыда өткен жиынның мақсаты да Ата заңның тарихи рөлін зерделеуге, оның қоғамдағы маңызын айшықтауға бағытталған. 

Жиын барысында конференцияға қатысушылар құқықтық мәдениетті арттырудың маңызына тоқталды. Сонымен бірге азаматтардың конституциялық құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру тетіктері, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты дамыту жолдары сөз болды. Сарапшылардың пікірінше, Конституция елдің саяси тұрақтылығы мен бірлігінің берік кепілі болып қала береді. 

Сондай-ақ конференция аясында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» медалі табысталды. Бұл марапат – мемлекеттің қалыптасуына елеулі үлес қосып, тәуелсіздіктің нығаюы үшін аянбай қызмет еткен азаматтардың еңбегіне берілген жоғары баға. 

Конференцияға қатысушылар Конституцияның 30 жылдығын атап өту –  тек күнтізбедегі мерейтойлық іс-шара ғана емес, өткенді саралап, болашаққа бағдар жасайтын маңызды кезең екенін негізге алды. Себебі Ата заң – қоғамды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретін басты құжат. 

Конференция соңында жиынға қатысушылар Ата заңды дәріптеу ісін жалғастыру, жастар арасында құқықтық білімді арттыру және қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ сарапшылар конференция аясында айтылған пікірлер мен ұсыныстар еліміздің құқықтық жүйесін одан әрі жетілдіруге, қоғам мен билік арасындағы сенімді диалогты нығайтуға ықпал ететініне сеніммен қарайтынын жеткізді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы