Президент Әкімшілігінің қызметкерлері біркүндік еңбекақыларын еліміздегі коронавирустың таралуына қарсы күреске көмек ретінде аударуға шешім қабылдады. Бұл туралы Мемлкет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады. "Аударылған қаражат елорда мен Алматы қалаларының пандемия салдарын өз бастарынан өткерген тұрғындарына беріледі. Сонымен қатар жиналған қаржы коронавирусқа қарсы күреске атсалысып жатқан медицина қызметкерлерін ынталандыруға да жұмсалады. Бұл қаражаттың бір бөлігін жұқпалы аурулар ауруханаларын қолдауға, маскалар мен басқа да қажетті қорғаныш құралдарын сатып алуға жұмсау жоспарлануда. Бұдан бөлек балалар үйлеріне де көмек көрсетіледі, - деп жазды ол. Еске сала кетейік, бұған дейін коронавирустың қаупіне байланысты 19 наурызда сағат 00.00-ден бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге жабылатынын хабарлаған болатынбыз. Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 36 адам коронавирус жұқтырған.