Aikyn.kz астрономиялық сомаға қанағат етпеудің себептерін gizmodo.com сайтының хабарламасына сүйеніп түсіндіреді.
Financial Times-тың жаңа есебіне сәйкес, Meta-ның жасанды интеллект зертханасында таңғаларлық бейберекет жағдай орнаған. Тіпті, жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкерлердің өзі бірнеше күннен кейін жұмыстан кетуге дайын болған. Компания адамдарды ұстап қалу үшін олардың қызметін өсіруге мәжбүр болған. Бұл миллиардер Цукербергтің соншалықты қабілетсіздігін көрсете ме?
Financial Times Meta-ның «бас жасанды интеллект маманы» Шэнцзя Чжаоны осындай оқиғалардың айқын мысалы ретінде келтіреді.
Чжао бұл қызметке қалай жетті? ChatGPT жобасын әзірлеуге қатысқан бұрынғы OpenAI қызметкері Meta-да бірнеше күн жұмыс істеп, ондағы жағдайды көріп, кетуге дайындала бастаған. Financial Times-тың дерегінше, ол тіпті OpenAI-ға қайта оралу туралы құжаттарға қол қойып үлгерген. Содан кейін ғана Meta оған жоғары лауазым ұсынуға келіскен. Кремний алқабында меритократия осылай да жұмыс істейді.
Шэнцзя Чжао Meta-ның Суперинтеллект зертханасын көргенде шошыған жалғыз жоғары лауазымды қызметкер емес сияқты. Осы аптада компанияның жасанды интеллект жобасына жақында қосылған бірнеше қызметкердің де Meta-дан кеткені белгілі болды. Олардың қатарында OpenAI-дың бұрынғы қызметкерлері Итан Найт пен Ави Верма, сондай-ақ Google DeepMind түлегі Ришаб Агарвал бар. Бұлардың әрқайсысы Meta-да бірнеше ай ғана жұмыс істеген.
Financial Times дерегі бойынша, соңғы апталарда Meta-ның 20-дан астам тәжірибелі қызметкері жұмыстан кеткен.
Шын мәнінде, Meta-ның жасанды интеллект саласындағы әрекеттері жайлы соңғы айларда шыққан жаңалықтарды қарап отырсаңыз, оларды кінәлау қиын. Компания бірінен соң бірі қайта құрылымдаудан өтуде. Қазір ол алты айдан сәл астам уақытта төртінші ірі өзгерісті бастан өткеруде. Компания бұл мәселені шешуге мол қаржы құйып, OpenAI мен Anthropic сияқты бәсекелестерді және Google сияқты беделді ойыншыларды қуып жету үшін ең мықты мамандарға рекордтық жалақы ұсынып отыр.
Жағдайды Scale AI компаниясының бұрынғы бас директоры Александр Ванның келуі де жақсарта алмаған. Цукер Scale-ге 15 миллиард доллар инвестиция құйып, олардың мамандарын және инфрақұрылымын сатып алғаннан кейін, Ван Meta-да жасанды интеллект бойынша директор қызметін иеленді.
Алайда Financial Times-тың дерегінше, «мінезімен аты шыққан» Ван Цукербергпен де қақтығысып, қызметкерлерді кемсітумен танылып жүр.
Meta-ның үлкен қаржы мүмкіндігінің артықшылығы – көп мәселені таланттарды сатып алу арқылы шеше алатынында. Бірақ Цукербергтің басты проблемасы – ол өзі қалаған кез келген жасанды интеллект маманын жалдай алғанымен, ешқашан өзіне жаңа тұлға сатып ала алмайды.
Бүгінгі жас мамандардың қаржылай сыйақыдан да жоғары бағалайтын құндылықтары бар
Бұдан шығатын қорытынды жастардан басқа аға буынға түсініксіз болуы мүмкін. Ақша арқылы мықты мамандарды жұмысқа тартуға болады. Дегенмен бүгінгі қызметкерлердің қаржылай сыйақыдан да жоғары бағалайтын құндылықтары бар екенін түсіну керек.
Жаңа буын мамандары үшін қаржы маңызды, бірақ ол әрдайым басты фактор емес. Жоғары айлық бастапқыда қызықтыруы мүмкін, алайда ұзақмерзімді мотивация үшін жеткіліксіз.
Оларға керегі тұлғалық даму мүмкіндігі, кәсіби өсу, білімін жетілдіру, жаңа тәжірибе алу. Құрмет пен қолдау атмосферасы да маңызды – командада өзін бағалы сезіну, жетекшілердің әділдігі мен өзара сенім. Сондықтан осындай құндылықтарға сәйкес корпоративтік мәдениет бірінші кезекке шығуда. Яғни, жас маман өз идеясының тыңдалатынын және еңбегінің бағаланатынын қалайды.
Meta мысалында айтылғандай, тіпті әлемдік деңгейдегі жалақы да ішкі тәртіп, корпоративтік мәдениет және басшылық стиль проблемаларын жоя алмайды. Бұл қазіргі нарықта маманның тұлғасы мен қадірі бірінші орында екенін дәлелдейді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.