Алматы-Ақтау бағытында ұшып бара жатқан ұшақтан ақау анықталған

Бұл ақпаратты әуе компаниясының баспасөз қызметі растады.

Air Astana ұшағында техникалық ақау тіркелген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

31 тамыз күні Алматы-Ақтау бағытындағы КС 859 рейсін орындаған әуекемесінде техникалық ақау анықталды. Бұл ақпаратты әуе компаниясының баспасөз қызметі растады.

Ресми мәліметке сәйкес, Ақтау қаласына жақындаған кезде экипаж техникалық ақау туралы хабарлап, нұсқаулыққа сәйкес басымдықпен қонуға рұқсат сұраған. Осыдан кейін ұшақ қауіпсіз биіктікке төмендеп, Ақтау әуежайына аман-есен қонған. Қазіргі уақытта әуекемесіне тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кейінгі КС 860 Ақтау-Алматы рейсінің жолаушылары басқа әуекемесімен тасымалданды.

ZTB Telegram арнасында тараған бейнематериалдарда рейстің жолаушылары оқиғаның қалай өткенін сипаттады. Куәгерлердің айтуынша, әуеге көтерілген сәттен-ақ ұшақ ішінде бөгде дыбыстар естілген. Шамамен жарты сағаттан соң әуекемесі биіктікті күрт төмендеткен. Жолаушылардың сөзіне қарағанда, төмендеу шамамен 10-15 минутқа созылған.

Оқиға кезінде салонда абыр-сабыр болғаны айтылды. Кейбір жолаушылардың орнынан тұрып кеткені, ал бортсеріктердің абыржығаны жеткізілді. Адамдар қорыққаннан дұға ете бастаған.

Әуе компаниясы тексеріс қорытындысы кейін жарияланатынын хабарлады.