Қарағандылықтар кезегін далада күтеді
Қарағандылықтар кезегін далада күтеді
Қарағанды облысында Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілер кезектерін далада күтуде. Төтенше жағдай режиміне орай, ХҚКО келушілерді бірнеше адамнан ғана кіргізіп жатыр. Бұл залдың санитарлық тазалығын сақтап, адамдардың көп жиналуына жол бермеу үшін жасалған. Дегенмен, ХҚКО ғимаратының кіре берісінде үлкен кезек пайда болды. Бүгінгі күні Қарағанды облысының барлық ХҚКО штаттық режимде жұмыс істейді. Алайда кейбір сақтық шаралары қабылданды. Бұл ережелер коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін қабылданды. Бүгінгі таңда көптеген еуропалық елдерде дәріханалар мен азық-түлік дүкендеріне аз топпен кіреді, кезек барысында қашықтықты сақтауды ұсынады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқармасының төрағасы Әсемгүл Балташева фейсбуктағы өз парақшасында тауарларға тапсырыс беру, шот, салық, айыппұл төлеу, т.б. қызметтерді онлайн ресімдеуге шақырды. Осылайша Әсемгүл Балташева «Цифрлы Мен» челленджіне старт берді. Пост авторы барлық қажетті құжаттар мен анықтамаларды egov.kz порталында тапсырыс беретінін жазды. Сондай-ақ ол театрға және ұшаққа билеттерді онлайн түрде сатып алатынын хабарлады.

Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы.