Белгілі журналист Әйгерім Сейфолла эфирде ешкім білмейтін жан сырын ақтарып, көз жасына ерік берді, – деп жазады Aikyn.kz Democrat.kz сайтына сілтеме жасап.
Журналист эфирден, ұлының диагнозына байланысты телеарнадан кетемін деп талай оқталғанын, тіпті, алғаш естіген сәтте кетіп қалғанын айтты.
– Жұмысқа шақыртуларды қабылдамай, 1 жылдан артық үйде отырдым. Ұлымның ерекше екенін ешкімге айтқым келмеді. Алайда аутизмі бар балалардың көбейіп бара жатқанын көріп, олардың аналарымен сөйлесіп, бұл диагноз ашық айтылу керек екенін ұқтым.
Міне, 4 жылдан асты мен ерекше балалар жайлы парақшамда, ютуб арнамда жиі айтып жүрмін. Бүгін еліміздің бас арнасы Qazaqstantv ұлттық арнасында эфирге шыққан “Қазір айтайық” әлеуметтік жобасында аутизмі бар балалардың жалпы білім беретін мектепте оқуы туралы өзекті мәселені көтердік.
Мені қолдаған Qazaqstantv арна басшылығына, ұжымыма алғыс. Біз мәселені ертеңге қалдырмай, қазір айтамыз!, – деп жазды журналист.