Мәжіліс депутаты: «Техникалық байқау мөр басылған қағазға төленетін ақшаға айналды»

Бүгінде елімізде биылғы жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша, 6,2 млн көлік бар, оның 4,9 миллионы жыл сайын міндетті техникалық тексеруден өтуі тиіс.

Қазақстанда міндетті техникалық байқау жүйесі шынайы көлік қауіпсіздігін емес, белгілі бір мүдделі құрылымдардың қаржылық табысын қамтамасыз ететін тетікке айналған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Премьер-Министрдің  бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

"Ішкі істер министрлігінің деректері де соны дәлелдейді: 2025 жылы тіркелген 12 мың жол апатының төртеуі ғана, ал 2024 жылғы 31 мың апаттың небәрі 17-сі көліктің техникалық ақауынан болған. Демек, жол-көлік апаттарының басты себебі  жүргізушілердің ереже бұзуы мен жол сапасына тікелей байланысты.

Бүгінде елімізде биылғы  жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша,  6,2 млн көлік бар, оның 4,9 миллионы жыл сайын міндетті техникалық тексеруден өтуі тиіс. 2024 жылы  3,5 млн байқаудан өтсе, ал 2025 жылы алғашқы тоқсанында 1,5 млн көлік тексерілген. Орташа бағасы 5 мың теңгеден есептегенде, саладағы операторлардың бір жылдық табысы 17 млрд теңгені құрайды", дейді депутат.

Алайда саладағы заңсыздықтар аз емес: 2024 жылы 283 құқықбұзушылық анықталып, 8 млн теңге айыппұл салынған. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында тағы 105 хаттама толтырылып, 2,6 млн теңге өндірілген. Бұл жүйеде ашықтықтың жеткіліксіз екенін көрсетеді.

"Тексеріс жүйесінің көлеңкелі тұстары да аз емес. Мысалы, 2024 жылы 283 заңбұзушылық дерегі анықталып, 8 млн теңге айыппұл салынған. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында тағы 105 хаттама толтырылып, 2,6 млн теңге өндірілген. Мынау жайттар жүйедегі заңбұзушылықтар мен ашықтықтың жеткіліксіздігін дәлелдейді.

Халық жүйенің шынайы қауіпсіздік кепілі емес, мөр басылған қағазға төленетін ақыға айналғанын ашық айтуда. Әсіресе, ауылдың шалғай тұрғындары байқау орталықтарының аздығынан жүздеген шақырым жүріп, бір күнін тексеруге арнайды.

Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген елдерде әлдеқайда тиімді және халық мүддесіне сай шешімін тапқан. Мәселен, Еуропа елдерінің көбінде мұндай тексеріс тек коммерциялық көліктерге немесе ұзақ аралықпен жүргізіледі", –  дейді депутат М.Жайымбетов.

Депутаттың айтуынша, халықаралық тәжірибеде мұндай тексерістер тек коммерциялық көліктерге немесе ұзақ мерзімдік аралықпен жүргізіледі. Сондықтан ол Үкіметке мынадай ұсыныстар жасады:

  1. Жеке мақсатта пайдаланылатын жеңіл көліктерге міндетті техбайқауды 2-3 жылда бір рет қана өткізу;
  2. Саладағы заңбұзушылықтарды құқық қорғау органдарымен бірлесіп тексеру;
  3. Барлық техникалық байқау орталықтарын қайта лицензиялау.

«AMANAT» партиясы бұл саланы әділетті, тиімді және заманауи талаптарға сай етуді талап етеді», – деп түйіндеді Мархабат Жайымбетов.