Ұлттық болмыстың алтын арқауы

Шымкент қаласында «Әлеуметтік-демографиялық даму» бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Бұл бағытта отбасы құндылығын нығайтуға, гендерлік саясатты дамытуға, ана мен баланы қорғау және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға баса назар аударылуда.

Отбасы – қоғамның алтын діңгегі

Жуырда Шымкент қаласында  Конс­титуцияның 30 жылдығына орай «Мерейлі 30 күн» жобасы аясында «От­басын қолдау орталығы» коммуналдық мем­лекеттік мекемесінде «Отбасы құн­ды­лы­ғы: кеше және бүгін» атты ашық есік кү­ні өтті. Қоғамдағы отбасы институтын ны­ғайту, ата-ана мен бала арасындағы өза­ра түсіністік пен сыйластықты арттыру, сон­дай-ақ ұлттық құндылықты дәріп­теу мақсатында өткен іс-шарада тұрғын­дар­ға  кеңес беріліп қана қоймай, олардың әлеу­меттік, құқықтық және психологиялық тұр­ғыдан жан-жақты қолдау алуына мүм­кіндік жасалды.

Ашық есік күніне түрлі сала өкілдері қа­тысты. Олардың қатарында әжелер кеңе­сі, Әділет басқармасы, Жас отбасылар кеңе­сі, кәсіби медиаторлар, «AMANAT» пар­тиясының өкілдері, Жұмыспен қамту жә­не әлеуметтік қорғау басқармасының ма­мандары, сондай-ақ полиция қыз­мет­кер­лері болды. Әрбір қатысушы өз саласы бойын­ша құнды ақпарат ұсынып, көп­ші­лік­ті толғандырған сұрақтарға нақты жауап берді.

Мәселен, заң саласының мамандары от­басылық құқыққа қатысты түсінік­теме беріп, ажырасу, алимент өндіру, мүлікті бө­лу сияқты өзекті мәселелерді тарқатып айт­ты. Әлеуметтік қорғау саласының өкіл­дері көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған жа­нұяларға арналған мемлекеттік жәр­дема­қы мен әлеуметтік қолдау шара­сын түсіндірді. Жұмыспен қамту қыз­мет­­­­керлері жұмыс іздеп жүрген азаматтарға бос орын, қайта даярлау курсын жә­не шағын несие алудың жолын ұсын­ды. Ал медиаторлар мен психологтар от­ба­сындағы тұрмыстық жанжалды ше­шудің тиімді әдістері, өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастырудың маңызы жө­нінде ой бөлісті. Кездесу барысында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауап­кер­шілігі, ұрпаққа ұлттық құндылықты сіңірудің жолы да кеңінен сөз болды. Қа­тысушылар пікір алмасып, тәжірибе­сін ортаға салды. Әжелер кеңесінің өкіл­де­рі ұлттық дәстүр мен тәлім-тәрбиенің ұр­пақ сабақтастығындағы орнын ерекше атап өтті.

Іс-шара соңында барша қатысушы бі­рауыз­дан отбасы  қоғамның берік іргетасы еке­нін атап өтіп, мұндай игі бастаманың жал­ғасын табуы қажет деген пікір білдірді. Се­бебі отбасы – тек жеке адамның ғана емес, тұтас елдің тұрақтылығы мен бо­ла­ша­­­­ғының кепілі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да Отбасын қолдау орталығы тұрғындарға арналған ашық есік күнін жүйелі түрде өткізіп, құқықтық, әлеуметтік және психологиялық ба­ғыттағы көмек көрсету ісін жалғастыра бермек.

Әйелдер үшін қауіпсіз өмір сабағы

Үшінші мегаполисте нәзік жан­дар­дың құқықтық сауатын арттыруға, өз-өзін қорғау дағдысын қалыптастыруға арналып ұйымдастырылған тағылымды іс-шараның бірі – «Әйел. Құқық. Қорға­ныс» атты бес күндік курс. Ол  А.Пушкин атын­дағы қалалық әмбебап кітапханасында өтті. Курс аясында қатысушыларға тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтың түрлері, он­ың психологиялық және құқықтық сал­дары, сондай-ақ медиация ұғымы мен оның қоғамдағы рөлі туралы кеңінен мәлі­мет берілді. Семинар-тренинг форматында өткен шарада тек теориялық біліммен шек­телмей, тәжірибелік бағыттағы жат­тығуларға да басымдық берілді. Оқыту ба­ры­сында психолог Алтынбек Боранбек жә­не кәсіби заңгер-медиатор Айжан Кесе­бай арнайы дәріс оқып, өз тәжіри­бе­лері­мен бөлісті. Олар әйелдерге күнделікті өмірде кездесуі мүмкін түрлі жағдаяттарды мы­салға келтіріп, қиындықты еңсеру­дің тиімді жолдарын түсіндірді. Сонымен қа­тар қатысушылар үшін шағын кофе-брейк ұйымдастырылып, еркін пікір алма­суға жағдай жасалды. Әрбір әйел өз ойы­мен бөлісіп, көкейінде жүрген сұрақтарына ма­мандардан нақты жауап ала алды.

Әйелдерге өз құқығын білуге жол ашу, психологиялық тұрғыдан сенімді болу­ға көмектесу және өмірлік қауіпсіздікті қам­тамасыз етудің нақты әдістерін үйрету мақ­сатындағы бес күнге жоспарланған прак­тикалық сабақтарда нәзік жандылар қор­ғанудың қарапайым да тиімді тәсіл­де­рін меңгеріп шықты. Ұйымдастыру­шы­лар­дың айтуынша, мұндай курстардың маңызы ерекше. Себебі ол әйелдердің тек құ­қықтық сауатын ғана емес, өз-өзін қорғаудағы сенімділігін де арттырады. Ең бастысы – қатысушылар алған білімі мен тә­жі­рибесін өмірде қолдана алатын дә­ре­­жеге жетеді. Бұл бастама алдағы уа­қыт­та да жалғасын тауып, Шымкенттің әйел­дер қауымына қауіпсіз әрі еркін өмір сүруге серпін бермек.

Батыр ана – ел қазынасы

Абай ауданында ел үшін ерекше маңы­зы бар қос мереке –  Конституцияның 30 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай аудан тұрғындары ардақты тыл арда­гері, көпбалалы батыр ана Анар Жапа­баеваға арнайы құрмет көрсетті. 91 жаста­ғы Анар әже – елдің мақтанышы. Ол жас кезінен бастап елдің ауыртпалығын көте­ріп, тылда тынымсыз еңбек еткен жанның бірі. Көпбалалы ана 14 құрсақ көтеріп, бүгінде 100-ден астам немере мен 7 шөп­шектің мейірімді әжесі атанып отыр. Бұл ұрпақ жалғастығының, отбасының берік іргетасының айқын көрінісі.

Абай аудандық ардагерлер кеңесінің мү­шесі, әділ билер кеңесінің төрайымы Орынша Тәжібаева батыр ананы мере­ке­мен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ар­да­герге сый-сияпат табысталып, көпшілік ал­дында оның ерен еңбегі мен өнегелі өмір жолына құрмет көрсетілді. Жүздесу ке­зінде Анар әже өзінің өмірлік естелік­тері­мен бөлісіп, соғыс жылдарындағы қиын­дық­­тарды, халықтың бірлігі мен қайсар­лы­ғы арқасында жеткен жеңістің қадірін әң­гімелеп берді. Әженің жүрекжарды сөз­дері жиналғандардың көкейіне жетіп, өткеннің ауыр да тағылымды сәттерін қай­та еске салды. Бүгінде кейуана әлі де ши­рақ, белсенді өмір сүруде. Таңғы салқында серуендеуді әдетке айналдырғанын, қи­мыл-қозғалысты тастамауға тырысатынын ай­тады. Осындай өмірлік ұстанымның ар­қа­сында қазір де ақыл-кеңесін айтып, ұрпағына бағыт-бағдар беріп келеді.

Кездесу соңында Анар Жапабаева жи­налған қауымға ақ батасын беріп, елдің амандығы мен ұрпақтың бірлі­гіне тілектестігін білдірді. Батыр ананың ба­тасы  көпшілік үшін үлкен рухани қуат бол­ды. Ардақты әжелер мен батыр аналар­ды ұлықтау – қоғамның ізгі дәстүрін жаң­ғырту, тарих пен болашақ арасын бай­ла­ныстыратын алтын көпір.

Сән мен салттың үйлесімі

Қазақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сының бастамасымен «Әсем киім – әйел ажары» атты мұсылман әйелдерінің сән байқауында  ислам талаптары мен ұлт­тық нақышты үйлестіре отырып, қыз-ке­ліншектердің киіну мәдениеті наси­хат­талды.  Сайыста кеңсеге арналған киім, күн­делікті образ, спорттық үлгілер және кеш­кі көйлектер ұсынылды. Шараға қа­тыс­қан жас дизайнерлер қазақы болмысты заманауи сән үлгілерімен ұштастырды.

21 жастағы Гүлнұр Бектұрғанова Nurly Collection топтамасын ұсынып, орамал тақ­қан қыздардың да әдемі, заманауи әрі жи­нақы киіне алатынын дәлелдеді. Ай­мақ­тық кезең жеңімпаздары республика­лық байқауда өз өңірінің намысын қорғай­ды. Бұл шара мұсылман әйелдеріне арнал­ған отандық киім үлгілерін дамытуға сер­­­пін бермек.

Осылайша, Шымкентте отбасы мен әйел­дер құқығын қорғау, ұлттық құн­ды­лық­тарды насихаттау бағытында түрлі та­ғы­лымды іс-шара жүзеге асырылып жа­тыр.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы