«Менің атымды қаралым үшін пайдаланғаны ұнамайды»: Ерке Есмахан журналист Ләйлә Сұлтанқызына ренішін айтты

Дәрігерлердің айтуынша, ол жағына, көзіне пластикалық ота жасатқан. Қазақстанда сұраныс жоқ болғандықтан, Кореяда жасатқаны туралы болжам айтты.

Әнші Ерке Есмахан өзінің Instagram парағында белгілі журналист Ләйлә Сұлтанқызына ренішін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жуырда Ләйлә Сұлтанқызы өзінің YouTube арнасында пластикалық хирургтарды қонаққа шақырып, отандық жұлдыздардың қайсысы қандай ота жасатқаны туралы сұхбат жүргізді. Дәрігерлердің әңгімесінде Ерке Есмаханның есімі де аталған.

Дәрігерлердің айтуынша, ол жағына, көзіне пластикалық ота жасатқан. Қазақстанда сұраныс жоқ болғандықтан, Кореяда жасатқаны туралы болжам айтты.

Бұл жағдай әншінің шамына тиген сияқты. Ол өзінің сторисінде Ләйләға тікелей жазып, мұндай қадамды күтпегенін мәлімдеді:

«Ләйлә ханым, сіздікі жәй ма? Сұхбаттастарыңызда айтып отырған қорқынышты нәрселердің ешбірін мен бетіме жасатпағанымды сіз өте жақсы білесіз. Менімен жақын сыйлас әпкем ретінде өтірікке жол бермей, қорғаудың орнына, өзіңіз талқыға салып отырғаныңыз таңғалдырды», – деді Ерке.

Сондай-ақ ол өзінің артынан айтылған әңгімелерге мән бермейтінін, алайда жақын адамдардың атын хайп пен қаралым үшін пайдалануын құптамайтынын айтты.

«Өмірде жақын деп жүрген жандардың менің атымды хайп пен қаралымға пайдаланғаны ұнамайды. Себебі өзім ондай адам емеспін!», – деп жазды ол.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік Еркені жақтап жатыр. Ал Сұлтанқызы тарапынан әзірге жауап берілген жоқ.