Жаңа оқу жылы басталмай жатып Маңғыстау облысындағы мыңнан астам оқушы мектепсіз қалды. Себебі Шетпе ауылындағы небәрі жеті жыл бұрын салынған білім ошағы апатты деп танылып, жабылған. Қабырғалары қақырап, іргетасы сөгіліп тұрған мектептің жарамсыз екенін ата-аналар жаңа оқу жылы басталарда ғана естіпті. Сондықтан алашапқын болып балаларын басқа мектепке орналастырған. Алайда ол жақта оқушы саны лық толып, мұғалімдер 3 ауысыммен оқытуға мәжбүр болып жатқан көрінеді. Тіпті оқушыларды тасымалдайтын автобус та жетпей жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап. КТК тілшісі Ислам Қабылұлы ауылға арнайы барып, жағдайды көріп келді.
Шетпе ауылында қолданысқа берілгеніне 7-ақ жыл болған нөмірі 7 мектеп-лицейінде биыл алғашқы қоңырау соғылмады. Өйткені, бұл мектеп «апаттық жағдайда» деп танылған. Ата-аналар қабырғалары жарылып, едендері қақырап тұрған мектепті қайта жөндеуден өткізу керектігін бұған дейін бірнеше рет ескерткен. Әйтсе де бұл ескертпелерге құлақ аспай келген аудандық білім бөлімі қыркүйекке 10 күн қалғанда оқуға жарамсыз деп тауып, бұл мектепті жауып тастапты.
Басында Ащыбұлақ шағынауданының тұрғындары сапасы сын көтермейтін мектептің құрылысы 8 айда аяқталғанын көріп, кеуделеріне күмән ұялағанын жасырмады. Тіпті ауыл белсенділері қыруар қаражатқа салынған бұл мектеп ашылған жылы ақ іргетасы сөгіліп жатқанын көріп, дабыл қағыпты. Әйтсе де шағымдарына құлақ асар жан болмаған. Қуанышы су сепкендей басылған ауыл жұрты бұл білім ордасын қабылдап алған аудан басшылығын да сынға алды.
Енді мына мектептің үйдің қасынан кіріп-шығып жүрген балаларымызға қиын болып тұр ана жаққа қатынау. Мына мектепті жөнге келтіре ме?! Біздің талабымыз. Әлде сала ма, әйтеуір сол жолын қарастырсын. Оған дейін бізге автобусты жеткілікті қылу керек. Қазір енді күн жылы. Жер қара. Ертең қыста қиын болайын деп тұр", - дейді Шетпе ауылының тұрғыны Жадыра Оспанғалиева.
Ал аудан әкімдігі апатты деп танылған мектептің қазіргі жағдайын мамандар арнайы зерттеп, шешім шығаратынын айтып отыр. Сол зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша бұл мектептің сүріліп я пайдалануға берілетіні белгілі болмақ.
Енді менің ақпаратым бойынша, жаңа өзім де атап өттім, жалпы бұл мектеп 2017 жылы салынып басталып, 2018 жылы пайдалануға берілген. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы болып табылады. Қабылдаған да – Облыстық құрылыс басқармасы. Ал енді шатаспасам, Ундер дейтін жеке жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Қазіргі таңда ол мекеме жоқ. Менің ақпаратым бойынша. Бірақ енді ол мекеме жоқ болғанымен, ол мекемеде жұмыс жасаған адамдар бар ғой қайткенде де,-дейді Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев.
Аудан әкімдігі апатты жағдайда деп жабылған мектептің 1100-ге тарта оқушысы басқа мектепте білім алады дейді. Ол үшін оқушыларды тасымалдайтын автобус санын көбейтпекке жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қарастырамыз деді.