Салтанатты рәсімге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Или, екі елдің дипломаттары мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Орталықтың ашылуы – ұзақмерзімді дипломатиялық келіссөздің және жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтың нәтижесі. 2022 жылы ҚХР Төрағасының Астанаға мемлекеттік сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстанда тең негізде мәдени орталық құру жөнінде келісімге келген еді.
Жобаның жүзеге асуы екі ел арасындағы мәдени айналымға серпін беріп, ел мәдениетін халықаралық аренада танытуға елеулі үлес қосады. Сондай-ақ бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыс пен стратегиялық әріптестіктің нығаюуына сеп болады.
Орталық Бейжіңнің беделді ауданында, Қытайдың халықаралық жастар алмасу орталығының бір бөлігі саналатын «21 ғасыр» бизнес-орталығында орналасқан. Орталықтың аумағы – 620 шаршы метр. Қазақстан мәдени орталығы Қытай аудиториясына қазақтың дәстүрін, өнерін, тілі мен тарихын және ұлттық тағамдарын таныстыратын іс-шара өтетін алаңға айналады.
Кеңістік бірнеше аймаққа бөлінген, олардың интерактивті жабдықтары Қазақстан мәдениетіне барынша терең бойлауға мүмкіндік береді.
Мәдени орталықтың маңызды бөлігі – экспозициялық аймақ. Мұнда жүзден астам тарихи жәдігер қойылған. Олардың қатарында Сақ дәуірі жәдігерлерінің көшірмесі, Есік пен Берел қорғандарынан табылған заттар, сондай-ақ қазақ халқының тұрмыстық бұйымдары бар. Орталыққа келген көпшілік домбыра мен қобыз секілді музыкалық аспаптарды, дәстүрлі әйел әшекейлерін, «сандық», «астау», «сырмақты» көреді. Бұл экспонаттар Қытай халқына Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын тереңірек түсінуге көмектеседі.
Сонымен қатар экспозицияда қазақстандық суретшілердің картинасы, ел тарихы мен мәдениетіне арналған сирек кітаптар ұсынылады. Мультимедиялық экран арқылы келушілер Қазақстанның табиғи және мәдени көрікті жерлері жайлы деректі фильм мен бейнематериалды тамашалай алады.
Орталықтың басты бағытының бірі – қазақ тілі кабинеті. Мұнда балалар мен ересектерге арналған тренинг пен сабақ өтеді.
Музыка және шығармашылық кабинеттері де орталықтың маңызды элементі. Қытайлық қонақтар дәстүрлі қазақ музыкасы жайында біліп қана қоймай, домбыра мен қобызда ойнауды үйрететін шеберлік сабағына қатыса алады. Сондай-ақ бұл жерде қазақстандық музыканттар мен әртістер өнер көрсететін концерт ұйымдастырылады.
Әдебиетсүйер қауым үшін орталықта кітапхана мен оқу залы қарастырылған. Мұнда қазақстандық авторлардың түрлі жанрдағы шығармасы шет тілдерде, соның ішінде қытай тілінде де ұсынылады. Негізгі экспонаттардың бірі – қазақтың ұлы ақыны Абайдың еңбектері. Кітапхана дәріс, таныстырылым және әдеби кеш өткізетін орынға айналып, қытайлық аудиторияның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Мәдени орталықтың көпфункционалды алаңдары көрме, ғылыми конференция, дөңгелек үстел мен симпозиум өткізуге пайдаланылады. Бұл іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және білім беру байланысын нығайтады. Сондай-ақ орталық аумағында «Сандық» мейрамханасы жұмыс істейді, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауда шеберлік сабағын өткізеді.
Бұл орталық Қазақстан мәдениеті мен тарихын тануға бағытталған білім беру және мәдени жобаларды дамытатын болады. Онда тек тіл мен өнерді үйретіп қана қоймай, сонымен бірге ғылыми зерттеулер мен мәдени дәстүрді таныстыруға арналған кең ауқымды жобалар да жасалады.
Алдағы жартыжылдықта Қазақстан мен Қытайдың жас кәсіпкерлері, ғалымдары, шығармашылық өкілдері арасын тәжірибе алмасу жоспарланған. Бұл іс-шараны Қытайдың халықаралық жастар алмасу орталығымен қазақстандық тарап бірлесіп ұйымдастырмақ. Сондай-ақ Бейжің тіл және мәдениет университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою, соның негізінде Қазақстан мен Қытай студенттері арасында тұрақты түрде тәжірибе алмасу жоспарланған.
Орталық қазақ киносына, театрына, музыкасына және өнеріне арналған түрлі фестиваль өткізетін алаңға айналады. Осылайша, Бейжіңдегі мәдени орталық Қазақстанды әлемдік аренада таныстырудың жаңа көкжиегін ашып, халықаралық мәдени ынтымақтастық стратегиясындағы маңызды бөлігі болмақ.
Айбике ЖАНАСЫЛ