Аты – Мистер Мостан. Бүкіл әлемді шарлап психологиялық зерттеу жүргізеді. Мостанның қабылдауынан кейін талай адамның санасы өзгеріп қатарға қосылды. Жұқарған жүйкесі қалыңдап, тоң мойынға айналды. Әсіресе ол Африка мемлекетіндегі тұрмысы нашар, аш-жалаңаш жүрген халықтың санасын әбден өзгертті. Қазір аш болса да, өздерін тоқ санайды. Ал біздің ауылға келу себебі тіптен бөлек әңгіме.
Ауылдың барлық тұрғыны мәдениет үйіне жиналды. Ауыл әкімі сөз бастады.
– Құрметті тұрғындар! Ауылға өзеннің арғы бетінен құтты қонақ келді.
– Өзен емес, мұхит, – деді орынбасары.
– А, иә сонау көк мұхитты асып өтіп, бізге әйгілі экстрасенс Мистер Мостан келіп отыр.
– Министр мыстан дей ме? – деді құлағы нашар еститін Қауғабай шал. Әкім шошып кетті.
– Мистер Мостан, – деп үш рет қайталады.
– Бізге ақша үлестіре ме? – деді Өрікгүл әже алақанын ысқылап.
Әкім:
– Мистер Мостанның келу себебі кейінгі кездері халық пен полицияның ара-қатынасы суып, алшақтап кетті.
– Енді не құшақтасып жылынып жүреміз бе? – деп көпбалалы ана Тойдық төтесінен қойып қалды.
Сөзді Мистер Мостан алды. Қазақшаны менен артық біледі екен.
– Жолдастар, Америкада полиция халыққа қызмет етіп, күндіз-түні олардың тыныштығын күзетеді. Мұнда мүлдем өзгеше екен. Сіздер полиция көрсеңіздер, көшеден қабаған ит көргендей қашасыздар. Неге? Дұрыс емес.
Залдан бір әйел айқайлады:
– Ойбай, мынау не деп тұр? Қашып құтылмасаң, ұстап алып, ұрып-соғып, қамап тастамай ма?
Мистер Мостан:
– Жоқ, сіз түсінбедіңіз. Полиция ол сіз ойлағандай дөрекі, бұзақы немесе мәдениетсіз емес.
Тап осы сәтте Шұнақбайдың ерке баласы «Полиция бөжей» деп бақырып жіберді. Оған қалғандары қосылып жылады. «Полиция көрсем, төбе шашым тік тұрады», «Олар адам аямайды», «Жазықсыз жанға жала жабады» деген қаңқу сөздер гуілдеп кетті.
– Тыныштық сақтаңыздар! Саналарыңыз өте уланған екен. Біз бүгіннен бастап өзгеруіміз керек, – деп дауыстады Мистер Мостан.
– Мистер Мыстан, кешіріңіз, Мистер Мостан дұрыс айтады, – деді ауыл әкімі еріні жыбырлап.
– Қалай өзгереміз? – деп осы ауылдың бас айқайшысы Арызбек орнынан түрегелді.
Мистер Мостан:
– Ешқандай қиындығы жоқ. Бәріміз көзімізді жұмып, қолымызды көкірек тұсына қоямыз. Сосын «Полиция – халықтың қызметшісі, біздің қорғанымыз!» деп ішімізден үш жүз отыз алты рет қайталаймыз. Құқық қорғау органдарынан қорқып қалған халық экстрасенстің айтқанын мүлт етпей орындап жатыр. Әкім де екі көзін тарс жұмып теңселіп тұр. Психологиялық емдеу әдісі басталып кетті. Ауыл тұрғындары кәдімгідей сенімге берілді. Мәдениет үйінде тыныштық орнады.Тек арақтан ауызы құрғамайтын Тәмпіш Мистер Мостанның айтқанына көнбей сыртқа шығып кетті. Сол-ақ екен, бұрышта тұрған ауылдың полиция сержанты Ұрғанбай Тепкілегенов Тәмпіштің жағасына жабысты. Қол-аяғын қайырып, дубинкамен қақ маңдайға бір қойды. Екі бүктеп көлігіне салып ауданға зытты. Өкінішті. Өйткені полиция қызметкері Ұрғанбай Тепкілегенов Мистер Мостанның сеансына қатыспай шығып кеткен еді...
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы