Иә, әлемдік сиқыршы, көзбояушы дегендеріңіз тентіреп далада қалатындай күйге жеттік. Таяуда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлықпен айналысатын департаментінің қызметкерлері өз көзіне өзі сенбей, айран-асыр болды да қалды. Япыр-ай, талай жырындыны көрген олар соншалықты неменеге таңғалды екен?
Оқырманды ынтықтырмай, гәпті турасынан бастайын. Сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің қызметкерлері Көлік министрі орынбасарының үйін тінтіген кезде терезе алдында тұрған гүл салатын вазаның ішінен бума-бума доллар шыға келгенде, талып қала жаздады. Япыр-ай, вазада гүл өсетін еді ғой. Бұл вице-министр сиқыршы ма, немене? Гүл өсетін жерге пұл өсіріп отырғаны қалай? Неткен құдірет? Куәгерлердің бірі:
– Вазаға мен де гүл өсіріп көрейінші. Гүлім пұлға айналып кетер ме екен? Гүл өсіретін құтыда доллар өсірудің құпиясын кім айтып береді? – деп ақша өндірудің жолын сұрай бастады.
Оқалы офицер одырая қарады.
– Вазада ақша өсуші ме еді? «Неткен тупойсың?» Бұл вице-министрдің алған парасын жасыру үшін жасаған айласы ғой, – деп куәгерге түсіндіріп жатты.
Басқа да куәгерлер «ә, осындай да қулық болады екен ғой» дегендей бір-біріне қарап, жымиысып қойды.
Доллардың бір бөлігі вице-министрдің қызмет бөлмесінен шықты. Ол бұл жерде де ешкім байқамайтындай әлдебір құжаттардың арасына елеусіз қоя салыпты. Қоя салмаған-ау, қулық ойлаған. Амал жасырған. Ешкім байқамайды деп ойлаған.
Арнайы мамандар санап кеп бергенде дап-дардай шенеуніктің республикалық маңызы бар жол құрылысын техникалық қадағалаудан мінсіз өткізіп беру үшін жеке компаниядан алған парасы 78 мың АҚШ доллары болып шықты. Дөкей бұл қаржыны Ұлыбританияда оқып жатқан баласының оқу ақысын төлеуге жұмсамақ болған көрінеді. Оңай келген ақшаның бір бөлігін аударып та үлгерсе керек.
Күдікті С. А. 2021 жылдан 2023 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2023 жылдан Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары сияқты лауазымды жолдардан өткен. Былайша айтқанда, билік сатысында әбден ысылған маман.
Алайда мұндай алаяқтық жолға неге барды? Дап-дардай атағына келетін ұятты ойламағаны ма? Бірақ ақша деген арбаушы күш кімдерді тура жолдан тайдырмаған десеңші!
Жолды жонып жейтін жебірлер азаймай тұр-ау. Бүгін жөнделген жолды ертең тағы да қопарып жатқандардың жабайы ісін көргенде, жаныңнан түңілесің.
Негізі, асфальттың құрамы улы заттардан тұрады деседі. Жебірлердің жегендері желкелерінен шығып жатқаны осыдан да шығар...
Сонымен, вазада гүл өседі ме, пұл өседі ме деген жұмбақтың шешуі де табылған сияқты.