Түс сатамын

Етпетімнен жатып, еңіретіп түс көріп жатыр екенмін. Тү­сімде Ай бетінде ме екен, әйтеуір бір абатбақта жағам жайлауда, көңілім көкте шалқып отырмын.

Мелдектеген молшылықтың ор­тасында балқып отырмын. Құлпырған қырық қыз айна­ламда зыр жүгіріп, қызмет етіп жүр. Дастарқанда құстың сүті де табылады-ау шамасы. 

Әй, мына қыздар қайтеді-ей? Үйме табақ жылқының сү­бесі мен қазы-қартасын, жал-жаясын әкеле жатыр ғой. Ойбай, кері әкет. Қай жеріме жей бе­ре­мін? Мені бір  Көлтаусар немесе түйені түгімен, жылқыны жү­гімен жұтып қоятын мешкей көріп пе едің? 

Тегінде, мешкей деген жақ­сы ат емес. Соны білгендіктен ғой, Үкіметтен бастап, Ауыл ша­руашылығы, Сауда және ин­теграция министрліктеріне де­йін жабылып жүріп азық-тү­ліктің бағасын күрт қымбаттатты емес пе? Біле білсеңіз, олар бізге жақсылық жасап отыр. Қам­­қорлық көрсетіп отыр. Кешегі за­ман болса, қарыны жер сызған Қарынбайлар мен Шы­ғай­бай­лар  адамның намысын келтіріп, шетелдіктердің алдында торай­ша қорсылдап жүрер еді. Мұны көрген шетелдіктер жата қалып күлер еді. Қарыны қабақтай, мойыны садақтай, беті табақтай  қазақтарды көріп, «е, бұлар әлі феодалдық заманнан ұзамаған екен ғой» деп ой түйер еді. Сондықтан ай­налайын Үкі­мет сымдай тартыл­ған сырық­тай, бойы құрықтай заманауи қазақтарды көріп кетуге тиіс. Онсыз еліміздің еңселі беделіне елеулі нұқсан келуі бек мүмкін.

Япыр-ай, мына табақ-табақ етті не істесем екен? Жейін де­сем, қарын тоқ. Жемейін десем, амал жоқ. Қой, алдыма келген астан дәм татпасам болмас. Онсыз кісәпір адам атанармын. Жуан жіліктің бірін алдыма жа­қындатып, өткір бәкіммен қия­лап турай бастадым. Бір түйірін көмекейге атып жібердім. Қан­шама жыл жылқы етін жеп жү­ріп, мұндай дәмдісін жеп көр­мекпін. Тіл үйіріп барады. Тағы да бір кесегін аш өзекке қарай аттандырдым. Бір кезде қара­сам, жуан жілік жалаңаштанып қалыпты. Мұндай да ашқарақ болармын ба? Ұялғаным-ай! Қасымда қасқыр тұрғанда сөз жоқ, жерге кіріп кетер ме едім! «Әй, қазақ! Тым қомағай екенсің ғой» десе не дер едім? Құдай сақтады.

Артынша қырық қыздың бірі дәу шарамен сорпа әкелді. Шіркін, жылқы етінің сорпа­сы­на татитын не бар мына дүниеде? Әншейінде сырадан басқаны сүйіңкіремейтін ашқарақ қар­ным сорпаның нән бес кесесін қабылдады. Сонда да шөлім ба­сылмаған сияқтанды. Ішіп жатырмын, ішіп жатырмын. 

Бір кезде бүйірімнен біреу түртіп қалды. Шошып ояндым. Қағынған қатыным екен.

– Әй, түске дейін жатамысың талтиып?  Қорылдап үйді басыңа көтердің ғой, тегі! Бар, базарға шап. Қайдан алсаң да екі-үш ке­лі ет тап. Үйге құдалар келе жа­тыр. Жұтап отырған жүдеу­бастар екен деп сынап кетпесін. Сараңсып  шандыр сатып алып жүрме. Былай майы бар семізін ал, – деп қолыма дорба ұстатып, жолға салып жіберді. 

Базарды басыма көтеріп, сөре-сөрелерді аралап жау қу­ғандай алаөкпе болып келемін. Етегіме өрт тигендей дауылда­тып келе жатқанымның да өзін­дік сыры бар. Базар шіркінді айал аралаушы еді. Үйге керек азық-түлікті базардан сатып алу соның мойнына жүктелген бо­латын. Кей-кейде айалдың ай­дауымен базарға бас сұққаным болмаса, мұнда келе бермеуші едім. Құдай-ай, не болып кеткен тегі?  Кешегі бай-бағландар са­сық деп мұрын шүйіретін  сиыр­дың еті бес мың теңге болып кетіпті. Қойдың еті де соған ша­малас. Жылқы еті де ұшып тұр. Тіпті, құс тұмауы жұғып ке­тер деп сақтана жейтін тауық еті де қалта көтертпейді. Ол түгілі тауықтың балапаны, жо-жоқ жұмыртқасына дейін шіреніп аспанға қарайды. Ойбай-ау, құдалардан ұят болатын болды ғой. Қырдағы қасқыр шіркін­дер бізден бақытты екен-ау. Әрине, олар біз сияқты ет сатып алмайды.

Ет сатып тұрғандарды ба­сынан ұрып тұрып түгендеп шықтым. Біреуі де бір тиын түскісі келмейді. Не болып кеткен мына жұрт? Шеттерінен сараң! «Мал біткенді шетелге сатып жатыр. Үкімет қайда қарап отыр?» деп өзіме қарап дау айтты. «Делдал дегендер де адымымызды аштырмайды» деп тағы біреуі безек қақты. «Осы­лардың барлығын реттеуге бо­лады ғой, мемлекет қайда қарап отыр?» деп бір қасапшы.