БҚО-дағы ауыл мектебінің жағдайы жұртшылықты алаңдатты

Мектеп 1984 жылы салынған, 40 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген.

Батыс Қазақстан облысындағы ауыл мектебінің жағдайы жұрттың жағасын ұстатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Желіде Бөкей орда ауданы Жетібай ауылындағы мектепте өткен алғашқы қоңыраудың видеосы тарады. Видеодан алғашқы қоңырауға небәрі 15 шақты оқушы қатысқанын байқауға болады. Мектептің мәліметінше, оқу орнында 6 мұғалім жұмыс істейді. Мұнда 1-ден 4-сыныпқа дейінгі балалар оқытылады екен.

Мектеп 1984 жылы салынған, 40 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген.

Облыстық білім басқармасы желіде танылған мектепке қатысты мәлімдеме жасады. Басқарманың мәліметінше, мектептің қабырғасы қақырап тұрса да, мектеп Илон Масктің Starlink жүйесі арқылы интернетке қосылған екен. 

“Жамбыл атындағы бастауыш мектепте 2025-2026 оқу жылында 15 оқушы оқиды, олардың төртеуі бірінші сынып оқушылары. Мектепте 6 мұғалім жұмыс істейді. Мектеп ғимараты 1984 жылы салынған. Мектеп Starlink жүйесі арқылы интернетке қосылған. Оқушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген”, – делінген басқарма жауабында. 

Білім басқармасы мектепке күрделі жөндеу жүргізу тек 2028 жылдың жоспарына енгізілгенін атап өтті.