«ФСБ тыңшысы болған»: Украинада депутат қамауға алынды

Ол ресейлік арнайы қызметтің тапсырмаларын белсенді орындап отырған.

Украинада тыйым салынған «ОПЗЖ» саяси партиясының IX шақырылымдағы халық депутаты Федор Христенко ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сілтеме жасап УНИАН хабарлады.

Украина Қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, тергеу Христенконы Ресейдің ФСБ құрылымы соғыс басталмай тұрып-ақ өз ықпалына алғанын анықтаған. Ол ресейлік арнайы қызметтің тапсырмаларын белсенді орындап отырған.

Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті Украинадағы бір құқық қорғау органының басшылығына ықпал етудің тиімді тетігін жолға қойған.

Биыл шілде айында оған мына баптар бойынша айып тағылған еді:

  • Қылмыстық кодекстің 111-бабы («Әскери жағдай кезінде алдын ала келісім бойынша топпен жасалған мемлекеттік опасыздық»);

  • 369-2-бап («Өз ықпалын теріс пайдалану»).

    Бүгін ұсталғаннан кейін ол сотқа жеткізілді. Сот оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды.