Қытайда қоқысты өңдеп кәдеге жаратады

Қытайда қоқыстан жылу мен электр энергиясын, құрылысқа қажетті шикізат өндіреді.

Гуанчжоудың Фушань аймағында орналасқан экономикалық-өндірістік паркі осыдан бес жыл бұрын осы аймақтағы ең таза, көрікті мекен атауына ие болған. Кәсіпорын жалпы аумағы 1604 гектар жерді алып жатыр.

Тауда орналасқан қоқыс өңдеу зауыты. ҚХР. Гуандун провинциясы. Фото: Aikyn.kz.

Индустриалды парк қоқыс, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша теңдессіз кәсіпорын саналады. Жиналатын қоқыс көлеміне қарай тәулігіне 12 600 тоннаға жуық, бір жылда 78 мың тоннаға дейін қоқысты өңдей алады.

Тек қана қоқыс өңдеумен шектелмей, қоршаған ортаны қорғау үшін ғылыми-зерттеу орталығы ретінде жұмыс істейді. Қоқыс қалдықтарын өңдеу кезінде алынатын жылу мен электр энергиясын жергілікті тұрғындар тұтынып отыр.

Қоқыс полигоны дегенге көз алдымызда таудай болып үйілген қоқыс алаңы, топ-топ болып ұшып жүрген қарға-құзғын елестейді. Ал Қытайда қоқыс полигонының аймағын жасыл желек саябаққа айналдырған. Гуандун провинциясында таудың төбесіне қоқыс өңдейтін зауыт салған. Айналасы ну орман. Мұнда қоқыс жүз пайыз өңделеді.

Сұрыпталған тұрмыстық қатты қалдықты тасымалдайтын көліктерді қоқысты қазаншұңқырға төккеннен кейін жуады. Қала көшелеріндегі тазалық, қауіпсіздікті сақтау үшін көліктердің тазалығына баса мән береді. Фото: Aikyn.kz  

Тұрмыстық қатты қалдықты өңдеу бес кезеңнен өтеді. Қала бойынша жиналған қоқыс арнайы қазаншұңқырға тасталады.

Сол жерден арнайы аппараттың көмегімен өңдеу цехына жіберіледі.

Арнайы аппарат қоқысты теңдей етіп бөліп, өңдеуге жібереді. Барлығы автоматтандырылған техниканың көмегімен атқарылады.

Мамандар қоқыс өңдеу процесін орталықтандырылған қадағалау бөлімінде бақылап отырады.

Қоқысты жоғары температурада қыздырып өңдеген кезде бөлінетін газ, жылу, суды қайта өңдеу арқылы кәдеге жаратады.

Қатты қалдықтарды жол құрылысына шикізат ретінде пайдаланады. Өндіріс аймағының тұрғындар үшін есігі ашық.  Келушілер қоқысты жағу арқылы электр энергиясын өндіру процесін тамашалай алады.  

 

Қоқысты өңдегеннен кейін шығарылатын қатты қалдықтарды жол құрылысына шикізат ретінде пайдаланады. 

Өндіріс аймағына келетін туристер мен қонақтарға түрлі ақпараттық арнайы бөлім жасақталған. Табиғатты аялап, сақтау үшін танымдық бағытта құрал-жабдықтардың көмегімен өндіріс орнының жұмыс барысымен түгелдей таныса алады. Тіпті, балалар интерактивті тақта арқылы «табиғат» аясында ойын да ойнай алады. Көшеде қоқыс тастамау керегін, табиғат аясында өрт қауіпсіздігін сақтау туралы балаларға ойын арқылы түсіндіріледі.  

Балаларға сұрақтар қойып, өздеріне таныс мультфильм кейіпкерлері арқылы ойын ойнатады. Әр дұрыс жауапқа сый-сияпат ұсынып, балаларға қуаныш сыйлайды. Баланың жас ерекшелігіне қарай қатаң ескертуден гөрі ойын арқылы табиғатты аялауға үйретеді. 

Қоқыс төгілген қазаншұңқырдан аққан суда балықтар жүзіп жүр. Бұл - қоқыстан шыққан судың толықтай тазартылғанын, судың тазалығын дәлелдейтін технологияның жетістігі.

Өндіріс барысымен түгел танысқан соң зауыттың ең жоғары нүктесі 290 метр биіктіктегі мұнарасына шықтық. Ол жерде шыр айнала бақылау алаңы, конференц зал, 50 адамға дейін тамақтану орны орналасқан. Сол биіктен қаланың көрінісін, таудың тұмса табиғатын тамашалауға болады. 

 

Айта кетейік, осыған дейін Астана қалалық әкімдігінің өкілдері мен қалалық мәслихат депутататы өндіріс орнының жұмысымен танысуға арнайы Қытайға барған. Экологиялық парк өкілдері Астанаға келіп, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдерімен бұл жобаны талқылаған. Әзірге екі тараптың арасында нақты келісім жоқ. Алдағы уақытта Астана қаласында осындай қоқыс өңдеу зауыты салынатын болса, Алаш тас жолы бойындағы таудай үйілген қоқыстан арылуға мүмкіндік бар. Қоқыстан өндірілетін шикізатты жол құрылысына пайдалануға болады.