Талғардағы қылмыс: күдіктіні босатып жіберген полицейге қатысты іс қозғалды

Күдікті кейіннен жәбірленушінің туған ағасын өлтіріп, сонымен қатар кәмелетке толмаған қызды ұрлап кеткен.

Алматы облысының прокуратурасы Талғар ауданының полицейлері "зорлау ісі" бойынша күдіктіні босатып жібергеніне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Күдікті кейіннен жәбірленушінің туған ағасын өлтіріп, сонымен қатар кәмелетке толмаған қызды ұрлап кеткен.

«Талғар ауданының Полиция басқармасы лауазымды тұлғаларының әрекетсіздігіне (ҚК-нің 370-бабы 4-бөлігі) байланысты облыс прокуратурасымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл – күдіктіні уақытылы ұстау және тиісті шараларды қабылдамау салдарынан болған. Аталған күдікті кейіннен Қызыл Қайрат ауылында ер адамды өлтіру және кәмелетке толмаған қызды ұрлау сияқты резонансты қылмыс жасаған», – делінген хабарламада.

Бұл іс арнайы прокурорлардың өндірісінде, ал тергеудің барысы облыс прокуратурасының ерекше бақылауында болады.

«Прокуратура жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін ескертеді және тек ресми дереккөздерге сенуді сұрайды», – деп көрсетілген ақпаратта.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.