Қазақ футболшысы Чемпиондар лигасының жеңімпазы сапына ауысуы мүмкін

Ирандық клуб құрлықтың азулы құрамалардың бірі.

Қазақстан құрамасының бұрынғы көшбасшысы Абат Айымбетов футболдағы мансабын Иранда жалғастыруы мүмкін. Бұл туралы Tengri Sport пен ирандық Tarafdari порталы хабарлады.

30 жастағы шабуылшы қазіргі таңда еркін агент. Соңғы маусымда ол Түркияның "Адана Демирспор" клубында ойнап, 27 матчта 5 гол соққан. Голдық паспен көзге түспеген. Transfermarkt порталы оны 450 мың еуроға бағалайды.

Оған Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы, Иранның 13 дүркін чемпионы "Персеполис" клубы қызығушылық танытуда. Сонымен қатар Румынияның "Рапид Бухарест" командасы да ұсыныс жасағаны айтылды.

Айымбетов бұған дейін Қазақстанда "Қайрат" пен "Астана" сапында ойнаған, ал шетелде "Адана Демирспорда" өнер көрсетті. Ол – ұлттық құраманың капитаны болған тәжірибелі футболшылардың бірі.