Президент Үкіметке өңдеу саласына көбірек қаражат тартуды тапсырды

Мемлекет басшысы Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы тікелей эфирде өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мемлекет басшысы Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

«Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүниежүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет.

Бірақ қазір тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет. 

Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек.

Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. 

Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-Министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ. Бірақ  көзге оттай басылатын нәрсе: елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті, жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр. Сондықтан Премьер-Министр он күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс. 

Бұдан бөлек, Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын мейлінше қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.