Кәсіпқой бокстың жұлдызы, орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлеріне қуанышты жаңалығын бөлісті. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында келісімшарттың соңғы кезеңде екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
«Шешіліп қалды! Келісімшарт 2–3 күнде біту керек! Осы апта жариялайтын шығар! Зор жаңалық болады бұйыртса!» – деп жазды Әлімханұлы.
Бұған дейін белгілі бокс инсайдері Бернардо Пилатти WBO/IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен WBC белбеуінің иегері Карлос Адамес арасындағы біріктіру жекпе-жегі 2025 жылдың соңына қарай өтетінін болжаған еді.
Айта кетейік, Жәнібектің соңғы жекпе-жегі биыл сәуір айында Астанада өтті. Ол кезде қазақстандық боксшы француз спортшысы Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта мерзімінен бұрын жеңген болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.