Бұған дейін де ер адамды өлтіргені үшін сотталған әйел азаматтық некедегі күйеуін пышақтады

Әйелдің кінәсі сотталушы мен жәбірленушінің айғақтарымен, сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен және қылмыстық істің өзге де материалдарымен дәлелденді.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты азаматтық некедегі күйеуіне қасақана ауыр дене жарақатын салған әйелге қатысты үкім шығарып, оны үш жылға бас бостандығынан айырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қалалық соттың мәліметінше, оқиға 2025 жылы 10 мамырда болған. Қызғаныш себебінен туындаған жанжал кезінде әйел оған пышақпен мойын тұсына бір рет соққы жасап, нәтижесінде денсаулығына ауыр зиян келтірген.

Әйелдің кінәсі сотталушы мен жәбірленушінің айғақтарымен, сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен және қылмыстық істің өзге де материалдарымен дәлелденді.

Сотталушы әйел өз кінәсін мойындап, ер адамды өлтіру ниеті болмағанын түсіндірді. Жәбірленуші яғни, сотталушымен бірге тұрған ер адам, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында әйелге еш шағымы жоқ екенін және оны кешіретінін мәлімдеген.

Алайда әйел бұған дейін азаматтық жұбайын өлтіргені үшін сотталған, сондай-ақ осы қылмысты бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу кезеңінде жасаған.

Сот осы мән-жайларды ескере отырып, әйелді ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.