Бастамалар білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қолдау салаларын қамтиды. Солардың ішінде ерекше басымдық білім саласына берілген. Бүгінде өңірде осы бағытта тоғыз жоба жұмыс істеп тұр.
Маңызды жобалардың бірі – «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесін Қарағанды, Саран, Шахтинск, Теміртау қалалары мен Абай және Қарқаралы аудандарының мектептеріне енгізу. Бұл бағдарлама 86 мектепті қамтып отыр. Серіктес ұйым – халықаралық «Білім-инновация» қоғамдық қоры.
Білім беру жобаларының тағы бір маңызды бағыты – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау.
Қарағанды облысында он арнайы мектеп қамтылған. Мысалы, Теміртаудағы №5 мектеп-интернатта футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, воркаут аймағы және жаттығу құралдары бар заманауи спорт инфрақұрылымы салынды.
– Бізде тек Теміртау емес, Қарағанды мен Бұқар жырау ауданынан да балалар оқиды. Жаңа спорт алаңдары олардың оқу процесіне үлкен серпін берді, – дейді мектеп директоры Динара Смаилова.
Дефектолог-мұғалім Оксана Малахованың айтуынша, тұрақты жаттығулар балалардың зейіні мен көңіл-күйіне оң ықпал етуде. Мектеп-интернатта 140 бала оқиды, олардың ішінде сөйлеу қабілетінде ауыр бұзылыстары мен жеңіл деңгейдегі ақыл-ой кемістігі бар балалар бар. Қордың қолдауымен мұнда психолог кабинеті, сенсорлық және логопед бөлмелері ашылып, заманауи түзету жабдықтары орнатылды. Сонымен қатар бастауыш сыныптарға жаратылыстану пәндері бойынша шағын зертханалар сатып алынды. Бұл балалардың оқу сапасын арттырып, ынтасын күшейтіп отыр.
Қор балалардың техникалық және шығармашылық әлеуетін дамытуға да басымдық беруде. Сонымен қатар Теміртаудағы балалардың техникалық шығармашылық мектебі жаңғыртылып, балалар технопаркінде он үйірме қайта жабдықталды. Олардың қатарында Кеме үлгілеу спорты клубы, Автомодельдеу клубы және «Жасыл мектеп» бар. Сонымен бірге төрт жаңа бағыт ашылды: телестудия, кеме үлгілеу зертханасы, жасанды интеллект пен робототехника негіздері және ақпараттық пен VR-технологиялар зертханасы. 240-тан астам бала 3D-модельдеу, бағдарламалау, робототехника және кеме үлгілеумен айналысуға мүмкіндік алды.
Бұл мектепте де ерекше балаларға ерекше қамқорлық көрсетілуде.
– Бұған дейін мұғалімдер 80-жылдардағы жабдықпен жұмыс істесе де, осы орталықтан халықаралық байқаулардың жеңімпаздары шыққан. Біз бұл бастамаларды қолдауды жөн көрдік. Сол себепті Теміртаудағы балалар технопаркін жаңғырту еліміз бойынша пилоттық жобаға айналды. Қазірдің өзінде оның оң шешім болғанын көріп отырмыз, алдағы уақытта тәжірибені басқа да ұйымдарда таратуды жоспарлап отырмыз, – дейді Білім, мәдениет және спорт саласындағы бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының аға жоба менеджері Зәуре Байменова.
Кеме үлгілеу үйірмесі технопарктің мақтанышы саналады. Ол өңірге көптеген чемпион тәрбиелеп шығарған. Үйірме түлектері республикалық қана емес, халықаралық жарыстарда да жеңіске жеткен. Солардың бірі – қосымша білім беру педагогы, осы мектептің түлегі әрі кеме үлгілеу спорты бойынша әлем чемпионы Сергей Оконечников.
– Жабдықтарымыз жылдар бойы жаңартылмаған еді. Керегін кейде өзім сатып алатынмын. Енді балалар заманауи жабдықпен жұмыс істеп, сапалы құралдар пайдалана алады. Ерекше мақтанышымыз – кеме сынауға арналған жабық бассейн. Бұл тіпті, ең жас спортшыларға ыңғайлы әрі жыл бойы жаттығу жасауға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Ал ауылдық жерлердегі тірек мектептерді дамыту бағдарламасы аясында Саран қаласындағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің материалдық-техникалық базасы толықтай дерлік жаңартылды.
– Біздің мектепте 22 оқу кабинеті бар. Олардың барлығы заманауи жабдықтармен, жиһазбен және дидактикалық материалдармен толық қамтамасыз етілді. STEM-зертхана, робототехника кабинеті, теле және арт-студия ашылды. Сондай-ақ акт залы мен спорт залы, еңбекке баулу кабинеттері, психологиялық және логопедтік қолдау бөлмелері қайта жабдықталды. Жаңа жабдықтардың келуі білім сапасын айтарлықтай арттырды. Оқушылар байқауларда жүлделі орындар ала бастады, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылықтары өсті. Сонымен қатар бастауыш сыныптарда жағдай жақсарды: ыңғайлы оқу орындары жасақталып, шахмат үйірмесі мен тележурналистика студиясы ашылды, – дейді мектеп директоры Гүлден Серікова.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласында қоғамдық «Қазақстан халқына» қоры 12 миллиард теңге сомасына 14 қайырымдылық жобаны жүзеге асырып жатыр. Негізгі назар заманауи медициналық көмекке ең көп қажеттілік сезілетін бағыттарға аударылған.
Қордың жобалары балалар денсаулығына да қатысты. Облыстық балалар клиникалық ауруханасында екі бағыт жұмыс істейді. Біріншісі – ерте араласу орталықтарын дамыту, олар 3 жасқа дейінгі балалардың дамудағы бұзылыстарын анықтауға және түзетуге көмектеседі. Жоба аясында 15 түрлі оңалту жабдығы алынды, жыл сайын 600 бала мен олардың отбасыларын қамту жоспарлануда.
Екінші жоба – «Оңалту орталықтары», бір жарымнан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалтуды көздейді.
Аурухана директоры Арғын Бидайбаев қордың қолдауымен қосымша бөлімшелер ашылып, оңалту орталығы құрылғанын атап өтті.
– Оңалту барлық балаларға қажет, әсіресе дамудағы бұзылыстары бар балаларға. Енді біз оларға кешенді көмек көрсете аламыз. Күн сайын 50-ден 90 балаға дейін ем алады, – дейді директор. – Сондай-ақ қор нейрохирургия бөлімін ашуға көмектесті, онда 65 миллион теңге құны бар жабдық орнатылды. Бұл жоғары технологиялық операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді, ал одан кейін балалар біздің орталықта оңалту процедурасынан өтеді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы