Атырауда атағы жер жарған Qazbilim мектебі жабылып қалды. Оқу жылы басталарда әбден әуре-сарсаңға түскен оқушылар ойламаған жерден басқа мектептерді іздеп, әлекке түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Qazbilim мектебінде оқыған 131 оқушы басқа оқу орындарына орналастырылған. Басқарманың баспасөз-хатшысы Ләззат Еділханқызының хабарлауынша, 7 оқушы Sana School Atyrau, тағы 7 оқушы Abyroi School жеке мектептеріне ауыстырылған. Қалған балалар қаладағы жалпы білім беру мектептеріне қабылданған.
Оқу ақысын алдын-ала бірнеше айға төлеген ата-аналар енді ақ адал қаражаттарын қайтара алмай дал болып отыр. Олар мектептің жабылғаны туралы хабарламаны тек 21 тамызда алған. Көпшілігі оқу ақысын бірнеше айға алдын ала төлеген. Қазіргі уақытта олар тиісті органдарға шағымдануда.
«Басты талабымыз – оқу ақысын қайтарып алу. Біз мектеп қызметінің тоқтатылғаны туралы кеш білдік. Қазір ақша да, мектеп те жоқ. Бұл мәселенің оң шешілуін қалаймыз. Мектеп Атырауда жабылғанымен, еліміздің басқа қалаларында жұмысын жалғастырып жатыр ғой», – дейді зардап шеккен ата-ананың бірі Руслан Дәулетов.
Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишевтан білгеніміздей, мектеп лицензиясының жоқтығына байланысты жабылған.
«Бақылау нәтижесінде мектептің заң талаптарына сай келмейтіні анықталды. Лицензиясыз жұмыс істеген және санитарлық нормалар сақталмаған. Сондықтан, тиісті шаралар қабылданып, мектептің қызметі тоқтатылды», – деді ол.
Аталған оқу орнына 2025 жылдың ақпан айында 45 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Алайда талаптар орындалмаған.
Баян Жанұзақова, Атырау облысы