Жуырда Түркістан облысы Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылында болған оқиға елді дүр сілкіндірген еді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ұлы туған әкесін аяусыз сабап, ауыр жарақаттаған. Ал оның жанында болған келіншегі араша түспей, тоқтатуға тырыспаған. Жантүршігерлік сәтті көрші әйел жасырын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.
Бүгін Түркістан облыстық Полиция департаменті күдіктінің әйеліне қатысты да қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қарияның ұлына қатысты Қылмыстық кодекстің «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Сонымен бірге оның жұбайына қатысты да тергеу жүргізілуде. Оған «Әлсіз күйдегі немесе материалдық не өзге тәуелділікте тұрған адамды ұрып-соғу» бабы бойынша айып тағылған.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталған соң қылмыстық процеске қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары қарттың туыстары тарапынан жасалған күш көрсету фактілеріне дейін зейнеткерден немесе басқа адамдардан ешқандай шағым түспегенін атап өтті.