Жамбыл облысының Шу ауданында футбол ойынынан кейін болған жанжал қайғылы оқиғамен аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға орнында 10-сынып оқушысы көз жұмды.
Оқиға 12 қыркүйек күні кешкі сағат сегіз шамасында Көкқайнар ауылындағы спорт алаңында болған. 10 және 11-сынып оқушылары арасында өткен ойын кезінде кіші сынып оқушылары жеңіске жеткен. Бірақ үлкендердің бірі нәтижеге наразы болып, 10-сынып оқушысын ұрып-соққан.
Жедел жәрдем қызметі келген сәтте жасөспірімнің алған жарақатынан қайтыс болғаны анықталды. Жамбыл облыстық Білім басқармасының хабарлауынша, қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталған. Қаза болған баланың туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, ал оқушылар арасында профилактикалық жұмыс жүргізілді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі таңда 17 және 16 жастағы екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.