Жамбыл облысы, Шу ауданына қарасты Көккайнар ауылында қайғылы оқиға болды. 12 қыркүйекте 10-сынып пен 11-сынып оқушылары арасындағы футбол матчы жанжалға ұласып, соңы оқушының өлімімен аяқталды. Бұл жайлы Жамбыл облысы Полиция департаменті хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, кіші сынып оқушылары жеңіске жеткеннен кейін ашуланған жоғары сынып оқушысы 10-сыныптың бір баласын ұрып-соққан. Дәрігерлер жеткенше жасөспірім алған жарақатынан көз жұмды.
Оқиғадан кейін полиция жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, 17 және 16 жастағы екі күдіктіні ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Істің толық және объективті қаралатыны хабарланды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге деректер жария етілмейді.