Талғардағы қанды қылмыс: «Аружанды келін қыламыз деп ниеттенгенбіз»

Анасы баласының бұрын мұндай әрекетке баратын мінез-құлқы болмағанын, әлеуметтік желіде көптеген алып-қашпа сөздердің ешқайсысы шындыққа жанаспайтынын, осындай күйге жеткізген Аружан Тұрғынбек пен оның ағасы екенін айтып берді.

Талғар ауданы Қызылқайрат ауылында қанды қылмыстың құрбаны болған 30 жастағы марқұмның өліміне қатысты тың мәліметтер шықты. Күдіктінің анасы баласының қанды қылмысқа баруына марқұм мен оның қарындасы жеткізгенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Аружан Тұрғынбектің ағасын көшенің қақ ортасында жүрек тұсынан екі рет атып өлтірген күдікті Айғазинов Еламанның анасы журналист  Руслан Өтепбайға берген сұхбатында баласының мұндай қылмысқа не үшін барғанын айтып берді. 

Анасы баласының бұрын мұндай әрекетке баратын мінез-құлқы болмағанын, әлеуметтік желіде көптеген алып-қашпа сөздердің ешқайсысы шындыққа жанаспайтынын, осындай күйге жеткізген Аружан Тұрғынбек пен оның ағасы екенін айтып берді.

«Менің балам қолымен істегенін мойнымен көтереді, менің айтпағым балам не үшін сондай ауыр қылмысқа барғанын жұрт білсін. Балам ешқашан ешкімді ренжітпейтін жуас еді. Еламан мен Аружанның қыз бен жігіт болып кездесіп жүргеніне жарты жылдан асты. Аружанды келін қыламыз деп ниеттеніп, басына орамал да салдық. Одан кейін де біздің үйге келіп қызымен бірге қонып жүрді. Бастапқыда бәрі жақсы болды. Бір күні Аружан ағасы, жеңгесімен бірге қосылып үйге келіп айқай-шу шығарып, Еламан оның жеке суреттерін ел-жұртқа таратып жүргенін айтты», – дейді анасы Шынар Айғазинова.

Айғазинованың айтуынша, сол күні Еламан Айғазиновтың үйіне полиция шақыртып, Аружан Тұрғынбек ағасымен қосылып өздеріне неше түрлі қоқан-лоқы көрсеткен. Сонымен қатар оқиға болардан үш күн бұрын күдіктіні қайтыс болған Ернар Тұрғынбек алдап шақырып, бірнеше жігітпен қосылып ұрып кеткен екен.

«Баламды Аружанның ағасы татуласамыз деп алдап шақырып алып, аяусыз тепкінің астына алған. Жай ғана ұрып қоймай, ар-намысына тиетін сөздер айтып және онысын телефонға түсірген», – деді анасы.

Күдіктінің анасының айтуынша, Айғазинов Еламанның қылмысқа баруына Тұрғынбек Аружанның  марқұм ағасы өзі себепші болыпты.

«Балам сол күні Ернар ұрып тастаған соң үйге жедел жәрдем шақырып, алған ауыр соққыларынан қиналып жатты. Ертесіне тұрып, үйден шығып бір күнге жоқ болды, ешқандай байланысқа шықпады. Келесі күні маған хабарласып, «мама, мен кісі өлтіріп қойдым» деп айтты. Неге, кімді деп сұрағанымда «үш күн ішінде Талғардан көшпесеңдер, мамаңды бауыздап кетеміз» деп айтқан соң өлтіргенін жеткізді», – дейді Айғазинова. 

Сондай-ақ Айғазинова баласының ешқашан ащы суға әуестенбегенін, алайда Тұрғынбек Аружанның көзіне шөп салғанын ұстап алып, содан араққа сылқия тойып алған кездері болғанын да айтты. Оған қоса, Тұрғынбек Аружанның туысы әрі адвокаты Гаухар Сариева айтқан зорлау мен интимдік суреттерді тарату, несие рәсімдеу фактілерінің барлығын жоққа шығарды.  

Сонымен қатар  оқиға болған күні Аружанның үш жастағы қызын кепілдікке  алу ниеті болмағанын, бүлдіршін Айғазиновтың алдынан «папа» деп жүгіріп шыққан соң көтеріп алып кеткенін, артынан Аружан келіп, алып кетеді деп ойлағанын айтады анасы. 

Сұхбат барысында анықталғандай, Айғазинов Еламан қылмыс жасаған күні Аружан Тұрғынбектің үйіне ертіп барған үш жігіт те кәмелеттік жасқа толмаған екен.