«Құмар ойынға дейін өмірім тамаша еді»: түрмеден шыққан ер адам өз өкініші туралы айтты

Сот үкімімен ер адамға 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Абай облысының қауіпсіздігі орташа мекемесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай, амнистия бойынша бостандыққа шыққан азамат өмірін талқан еткен қателіктерден өзгелерді сақтандыру үшін өз оқиғасымен бөлісті,  деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

– Жасым 36-да, Талдықорған қаласының тұрғынымын. Бостандыққа дейін жылжымайтын мүлік агенттігінде риэлтор болып жұмыс істедім. Жұмысым жақсы жүріп жатты: адамдар маған сенді, тұрақты клиенттерім пайда болды. Ол кезде үйленген едім, үш балам бар: үлкен ұлым – 12 жаста, екіншісі сегізде, ал қызымның үшке толғанына азғана уақыт болды, – деді ол.

Сотталушының өмірі танысы құмар ойынға ақша тігіп көруді ұсынғаннан кейін өзгерді. Әуелі ұтылған, одан кейін ұтысы оңынан болып құмар ойынға қызығушылығы ашылған. Уақыт өте келе жалақысы жетпей, халықты алдаған.

– Алдаған алғашқы клиентіме үй алу ісінде көмектесе алатынымды айтып, 500 мың теңге сұрадым. Ол кезде бұл бірінші әрі соңғы рет болады деп ойладым. Бірақ ақша тез таусылды да, басқа клиенттен шамамен 3 миллион  теңге алдым, одан кейінгісінен 8 миллионнан астам, екі зейнеткерден 2  миллион, ал ең соңғы алған сомам 11 миллионнан асты. Бар болғаны бір жылдың ішінде мен Талдықорғанның бес тұрғынын жалпы сомасы 23 миллион теңгеден артық қаражатқа алдадым, – деді ол.

Сот үкімімен ер адамға 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

– Мекемеде жүргенде үнемі ойланамын: егер ұтысқа әуестенбегенімде, бәрі басқаша болар еді. Үлкен ұлымның қалай өсіп келе жатқанын, екіншісінің мектепке барғанын, қызымның алғашқы қадамдарын көрер едім. Құмар ойынға дейін өмірім тамаша еді. Осы бір кесел бәрінен айырды, мен тек келесі ойынды ойлаумен өмір сүрдім. Үйде отырсам да, бөлмеге кіріп алып, ақша тігетінмін. Құмар ойынға берілген адамдарға айтарым: өміріңді өзгертуге әлі де кеш емес, ұтқан ақша қалай келсе, солай тез кетеді, – дейді ер адам.