Жолдаудан бастау алған жаңғыру жолы

Мемлекеттің алға даму жолында Жолдау басты бағдардың рөлін атқаратынын айтып өткен жөн.

Бұл стратегиялық маңызы зор құжат еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік һәм рухани дамуының бір тармағы іспетті. Осы орайда елдің басты астықты аймағының бірі – Ақмола облысында Жолдауда көтерілген мәселелер мен Президент шегелеп тапсырған міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. 

Қазір Ақмола облысы үшін отандық және алыс-жақын шетелдерден инвестиция тарту, экономиканы цифрландыру, энергетика мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту сияқты салалар басым бағытқа айналды.

Облыс орталығы – Көкшетауда өңір әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен облыстық актив отырысында Жолдауда айтылған тапсырмалар талқыланды. Жиынға аймақтың барлық аудан және қала әкімдері, сонымен қатар қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері мен басқарма басшылары түгелдей қатысты. 

Аймақ әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауы макроэкономикалық тұрақтылықты қам­­тамасыз ету, инвестициялық саясатты жаңа деңгейге көтеру, бизнес жүргізудің тиімді шарттарын қалыптастыру, цифрлық экожүйені дамыту, әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту сияқты аса ауқымды бағыттарды қамтиды.

– Бұл құжат ел дамуының стратегиялық болашағын нақты айқындап беретін саяси ғана емес, экономикалық бағдарлама. Өйткені қазір цифрландыру мен жасанды инттелектіні дамыту, заманауи үдеріспен көштен қалмай ілесу – еліміз үшін кешенді жаңғырудың басты драйверіне айналып отыр, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Инвестициялар легі, жаңа өндіріс һәм цифрландыру

Облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешевтің мәліметінше, Ақмола облысы биыл елеулі экономикалық табыстарға қол жеткізді. Жыл басынан бері аймаққа 456 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен бір жарым есе жоғары болып отыр.

Облыс әкімдігінің деректеріне сенсек, бүгінде өңір аумағында жалпы саны 226 жоба жүзеге асырылуда. Осының нәтижесінде мемлекет экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналған шағын және орта кәсіпкерлік нысандары бой көтеріп, 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Олардың қатарында Целиноград ауданындағы алюминий прокатын шығаратын зауыт, Көкшетау қаласындағы жарма өңдеу кәсіпорны, ауылшаруашылық техникасын өндіруді кеңейтуге негізделген стратегиялық нысандар бар.

Бұған қоса, Aqmola индустриялық аймағында 7 ірі жобадан тұратын портфель қалыптасуда. Бұл жобалар толық іске асырылғанда 4,5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып, өңірдің өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді.

Ақмола облысы – елімізде цифрлық трансформацияны жүзеге асырып жатқан алдыңғы қатарлы өңір. 2025-2030 жылдарға арналған цифрландыру стратегиясы мен Цифрлық трансформация картасы іске асырыла бастады.

Облыстың өңірлік басқару орталығының мәліметтеріне қарасақ, деректер орталықтандырылған мониторинг жүйесі, болжамды аналитика және KPI негізінде басқаруға енгізілген. Aqmola Region Score атты жаңа жүйе әрбір аудан мен қаланың тиімділігін нақты уақыт режимінде көрсетіп отырады.

Әкімдік жанынан жасанды интеллект кеңесі де құрылып жатыр. Оның басты мақсаты – цифрлық шешімдер қабылдауда сарапшылар мен бизнес өкілдерінің пікірін ескеру.

Аграрлық сала дамытыла бермек

Агроөнеркәсіп саласы – Ақмола өңірінің басты байлығы әрі алтын қазығы. Өңірдегі ауыл шаруашылығы мамандарына осы жыл айрықша табысты болмақ. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл астық дақылдары рекордтық деңгейде жиналады, яғни 7 млн тоннаға жуық өнім алынбақ. Сондай-ақ майлы дақылдардың жалпы өнімі алғаш рет 650 мың тонналық межеден асқалы отыр.

Аймақта ет өндірісі 7 пайызға, сүт өнімдерін шығару көлемі 4 пайызға дейін артқан. Өндіріс қарқынын ұлғайту мақсатында жыл басынан бері 1 430-дан астам жаңа техника сатып алынып, аграрлық саладағы еңбекақы 26 пайызға өсті.

Сала мамандардың пікірінше, аграрлық саланың алға өрлеуіндегі маңызды қадамдардың бірі – монодақылдардан бас тарту болған көрінеді. Атап айтқанда, облыста осыған дейін негізгі басымдыққа ие болған бидай алқаптары қысқартылып, оның орнына табысы мол дақылдар көбірек себіле бастаған. Сондай-ақ ғылыми негізделген тыңайтқыштар қолдану, элиталық тұқым үлесін арттыру және техника паркін жаңарту – ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті 20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік беріпті.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, алынған шикізатты бірден өңдеуге де баса мән беріліп келеді. Мәселен, жақында қытайлық Dalian Hesheng Group компаниясымен бірлесіп, Aqmola индустриялық аймағында астықты терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталмақ. Жобаның алғашқы кезеңінде өндіріс көлемі 1 млн тоннаға жетпек. Бұл зауыттан глютен, крахмал, минералды тыңайтқыш сияқты экспортқа бағытталатын тауарлар шығару көзделіпті.

Кейінгі жылдары облыста кезінде латифундистердің иелігіне өтіп кеткен 750 мың гектардан астам пайдаланылмаған жер кері қайтарылды. Алда осы құнарлы қара топырақты суармалы жер көлемін 80 мың гектарға дейін жеткізуге күш салынбақ.

Жиын соңында облыс әкімі Марат Ахметжанов Президент Жолдауы – жай ғана саяси мәлімдеме емес, ел дамуының нақты Жол картасына әрі басты бағыт-бағдарына айналғанын атап өтті.

– Бұл құжат – әділеттілік, даму және оптимизмге бастар сүрлеу жол. Біз билік, бизнес және әрбір өңір тұрғыны бірлесе отырып, міндеттерді жүзеге асырсақ қана халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, аймақтың экономикалық және әлеуметтік жағдайын арттыра аламыз, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында сөз алған қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев Жолдаудың тарихи мәніне тоқталып, Президент көтерген мәселелер іс жүзінде орындалса еліміздің әлемдік аса дамыған мемлекеттермен терезесі тең болатын деңгейге жететінін алға тартты.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы