Шараға қала әкімдігінің басқармалары, құрылымдық бөлімдер мен мәдениет, әлеуметтік сала қызметкерлері және қала тұрғындары белсене қатысты. Қаланың тазалығын сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақыру мақсаты еткен іс-шараға шымкенттіктер жұмыла кірісті.
Сенбілікке қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы және оған қарасты мекемелердің 2000-ға жуық қызметкері шықты. Олар Сырым батыр көшесі бойын тұрмыстық қалдықтан тазалап, 13 арнайы техниканың көмегімен 28 тонна қоқыс шығарды. Сонымен бірге 900 адамдық флешмоб ұйымдастырылып, қала тұрғындарына экологиялық үндеу жолданды. Шараға танымал өнер қайраткерлерінің қатысуы тазалық жұмыстарына ерекше серпін берді.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының 80-нен астам маманы «Достық» шағынауданында сенбілік өткізді. Ақбұлақ әулие, Хан ордасы және Сыпыра жырау көшелерінің бойы тұрмыстық қалдықтан тазартылып, шамамен 6 тонна қоқыс арнайы көліктерге тиеп әкетілді.
Іс-шараға Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың қызметкерлері де қатысып, Еңбекші ауданындағы көпқабатты үйлер аулаларын қоқыстан тазартып, жасыл желектерді күтіп-баптады. Туризм, ауыл шаруашылығы, жолаушылар көлігі басқармалары да үлес қосты.
Сенбілік жұмыстарының нәтижесінде Абай ауданы аумағында ғана 2 450 қызметкер мен 53 техника жұмылдырылып, 96 тонна қоқыс шығарылды. Аталған жұмыстарға аудан әкімдігі аппараты, Мәдениет, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы басқармалары және өзге де ұйымдар атсалысты. Нәтижесінде, қураған ағаштар кесіліп, шөп шабылып, жолдар мен аяқжолдар жуылды. Қоқыс алаңшалары ретке келтіріліп, аулалар абаттандырылды.
Жалпы, сенбілік барысында қала аумағынан жүздеген тонна тұрмыстық қалдық жиналып, тазалық жұмыстары жоғары деңгейде өтті. Ардагерлер мен белсенді азаматтар да бұл бастамадан шет қалмай, өз үлесін қосты. Шымкентті таза ұстау – баршаға ортақ міндет. Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын қоқысты арнайы жәшіктерге тастауға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы