Саннан сапаға көшетін сәт жетті

Қызылорда – еліміздегі орталықтандырылған ыстық су жүйесі жоқ жалғыз қала.

Соның салдарынан тұрғындар  ұзақ жылдар бойына су жылытқыш құрылғысымен жан бағуға мәжбүр болып жүр. Талай жыл халықтың талап-тілегі жергілікті әкімдік тарапынан қолдау таппай, олқылықтың орнын толтыру үшін қыруар қаржы қажеттігі айтылумен шектелді.

Жалпы дерекке сәйкес,  Қызылорда қаласы кеңес­тік кезеңде   өзге өңірлер секілді ыстық су­дың игілігін көріп келді. Ол уақытта көпқа­бат­ты үйлердің құбырынан ыстық су сарылдап ағып тұрды. Бұл жайында көзкөргендер әлі күн­ге дейін аңыз қылып айтып отырады.  

«90-жылдарға дейін Қызылорда қаласында ор­талықтандырылған ыстық су жүйесі жұмыс істеп тұрды.  Бізге белгілісі,  сол уақытта қала­да­ғы «Запад» шағынауданы мен қазіргі «Уни­вер­сам», «Болашақ» аумағындағы жаңадан са­лын­­ған тұрғын үйлерге ыстық су келіп тұрды.  Яғни,  қала 100 пайыз ыстық сумен қамтамасыз етіл­мегенімен,  ішінара болса да жабдықталғанын біле­міз. Тәуелсіздік алған кезден бастап сол кез­дегі  орталықтандырылған ыстық су жүйе­сі­н­ің жұмысы тоқырай бастады. Уақыт өте келе ыстық су берілу мүлде тоқтады. Содан бермен қа­рай халық ыстық суды пайдаланудың түрлі тә­сі­лімен күн кешіп келеді», – деп еске алады бұл жайында қала тұрғыны Сапар Ерімбетов.  

Мамандар пікірінше,  90-жылдардың то­қы­рау кезеңінде ыстық су жүйесін ұстап қалуға қар­жы тапшылығы қолбайлау болғанын алға тар­­тады. Соның салдарынан қаланың  бірқатар ау­мағына ыстық судың берілуі кезең-кезеңімен шек­теліп, кейіннен мүлдем тоқтатылған. Содан бері бұл Сыр халқына арманға айналды. 

Соған орай жалпы қүны 26,2 млрд теңгеге ба­ғаланған бірегей жобаны жүзеге асыру екі ке­зеңге жоспарланғаны айтыла бастады. Соның не­гізінде бірінші кезең бойынша 2024 жылы 185 үйге жабдықтау жұмыстары жүргізілсе,  2025 жыл­ғы екінші кезеңде 250 үй орталық­тан­дырыл­ған ыстық суға қосылу көзделіп отырғаны ай­тыл­ды. Тиісті жұмыстарды сапалы жүзеге асыруға міндетті операторы ретінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бекітілді. Сон­дай-ақ  мемлекеттік сатып алу конкурсы нәти­жесінде «Мелиоратор», «BSG  инжиниринг» ЖШС және «Көкшетаугидрогеология» АҚ жеңім­паз мердігерлер деп танылған.  Бұл Сыр хал­қының көпжылғы арманының ақиқатқа ай­налар сәті таяғанын аңғартқандай болды. 

Негізінен, аталмыш жобаға облыс әкімінің ұсы­нысымен,  Мемлекет басшысының қолдауы­мен былтыр Үкімет резервінен 11 млрд теңге бө­лін­гені мәлім.  Соның нәтижесінде жоспарлы жұ­мыстардың алғашқы кезеңін жүзеге асыруда бірқатар тұрғын үйдің өжірелері судан тазар­тылып, кептіріліп, тиісті құбырлар тартылған. Бұ­дан бөлек,  пәтерлерге есептегіш құралдар мен тіреуіштер орнатылғаны айтылды. 

«2024 жылдан бастап қаламыздағы 185 көп­қабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізу жұмысы қол­ға алынған болатын. Бүгінде қаламыздың сол жақ жағалаудағы 5 көпқабатты үй мен Аста­на-1 шағынауданындағы 13 көпқабатты үйге, С.Бейбарыс көшесінің бойындағы 9 үйге және Тас­бөгет кентіндегі 5 үйге ыстық су берілді. Сон­дай-ақ Одежда, Автовокзал мен Универсам аума­ғында 34 үйге, Шұғыла шағынауданындағы 49 үйге және  №5 оқу ғимараты маңындағы (КИАП) 6 үйге және Сырдария шағынау­да­нын­дағы 19 үйге де ыстық су толық іске қосылды. Н­әтижесінде, нақты уақытта қаладағы 140 үй тұр­ғындары ыстық судың игілігін көріп отыр»,  – деп түсіндірді бұл жайында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының «Ыстық сумен жабдықтау» басқармасының бас менеджері Оңғар Наят. 

Осы ретте, былтырға  жоспарланған 185 үй­дің бір бөлігінде әлі де ыстық сумен жабдықтау жұ­мыстары толық аяқталмағаны мәлім болды. Алайда оған алаңдауға еш негіз жоқ екенін алға тар­тады. Өз кезегінде қалған үйлерге ыстық су жа­қын күндері қосылатынына сендірді.

«Өздеріңізге белгілі, аталмыш жұмыстарға был­тыр Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлінді. Со­ның негізінде  қалған 45 көпқабатты тұрғын үй жуық арада толығымен ыстық суға қосылатын болады. Қазір барлық үйдің өжірелеріне құбыр­лар толығымен тартылды. Ендігі кезекте тек пәтерлерге есептегіш құралдар мен тіреуіштер ор­нату жұмыстары жасалатын болады», – деді өз сөзінде аталмыш басқарманың бас менеджері. 

Мамандар пікіріне сүйенсек,  біріншіден,  ыс­тық су жүйесі электрлі су ысытқыш құрыл­ғы­ларына (Аристон) қарағанда едәуір тиімді.  Тұр­ғындарға ай сайынғы төлем шығыны азая­тынын алға тартады. Яғни,  электрлі су ысытқыш құрыл­ғысына кететін шығынға қарағанда ыстық су жүйесінен 60 пайыздан астам қаржысын үнем­дейтінін айтады. Екіншіден, ыстық су желі­сіне қосылу әрбір тұрғынның өз еркінде. Орнату жұ­мыстары тегін жүргізіліп жатқанын да жет­кізді. Ең бастысы, ыстық су желісін жүргізуге жо­ғары сапалы материалдар,  еуропалық өнді­ру­шілердің жабдықтары қолданылып жатқанын мә­лімдеді.  

Дей тұрғанмен,  халық тарапынан аталмыш жо­баға қатысты сын-ескертпелер сирек те болса ес­тіліп қалып жатады. Соның ішінде ыстық су­дың игілігін алғашқылардың бірі болып сезінген қа­ланың сол жағалауының тұрғындары базына­сын жеткізді.  Халықтың пікіріне сүйенсек,  қазір аталмыш шағынауданға ыстық су беру тоқ­татылған.  Мұны мамандар жылу беру мау­сы­мына дайындық жұмыстарының жүргізілуі­мен байланыстырып отырғанын алға тартады. Сонымен қатар кейбір тұрғындар өжірелеріне қойылған сорғыларының жылға жетпей істен шығып жатқанын қынжылыспен жеткізді. Бұл  тұрғындардың ыстық су жүйесінің жабдықтары мен жұмыс сапасына деген сеніміне селкеу тү­сіріп тұр. 

Жалпы, 30  жылдан астам уақыт Сыр халқы­ның арманына айналған ыстық су жүйесін жүр­гізу жұмыстарының жауапкершілік жүгі ауыр. Тұрғындар санға емес, сапаға көңіл бөлінсе де­ген пікірде. Сондықтан да тиісті жұмыстардың тың­ғылықты жүргізілуі қатаң сұранып тұр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы