Архив ісіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасы жөнінде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов баяндады. Негізгі, жаңалық «Бірыңғай электронды құжаттар мұрағаты» ақпараттық жүйесін енгізу болмақ. Ол барлық цифрландырылған мұрағаттық құжаттаманы сақтауды, мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттардың бизнес-процестерін автоматтандыруды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жасалған аудиовизуалды құжаттардың көшірмелерін мұрағатқа тапсыруды талап ету ұсынылды. Бұл шара Ұлттық архив қорын тәуелсіз Қазақстан тарихының оқиғалары мен деректерін көрсететін құжаттармен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте қордың құрамы нақтыланды. Оның ішінде, құжаттардың жаңа түрлері: тәжірибелік- конструкторлық, жобалық-сметалық, қала құрылысы құжаттамасы бар.
Заң жобасында мемлекеттік архифтерде сақталатын азаматтардың дербес деректері мен жеке мәліметтерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік архивтердің функциялары нақтыланады.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың архив ісі саласындағы еңбек қатынастарын реттеу бойынша құзыреті кеңейтіледі. Енді әкімдіктер ауылдардағы жұмысы үшін қосымша ақы алуға құқығы бар архив қызметкерлері тізімін анықтай алады.
Осы тұста жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев депутаттардың республикалық мемлекеттік архивтерге «ұлттық» мәртебесін беру туралы түзетулерге бастамашы болғанын атап өтті.
– Аталған норма архивтердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, олардың абыройы мен тарихи-мәдени мұраны сақтау жүйесіндегі маңыздылығын арттырады. Жалпы, архивтер ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалғаны белгілі. Біз артта қалмай, қазіргі стандарттарға сай әрекет етеміз. Осы заң жобасының аясында жылдар бойы қордаланған өз мәселелерімізді де шешіп аламыз, – деді депутат.
Талқылау барысында мәжілісмендер баяндамашы мен жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерінен бірыңғай электронды архив деректерін сақтау форматы мен қорғалуы, мұрағат қоймаларының жай-күйі, оларды жаңғырту жоспарлары туралы сұрады. Кадр мамандарға қосымша өтемақы төлеу, жастарды тарту шаралары, мамандықтың беделін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ ғылыми қоғамдастық пен зерттеушілердің архив құжаттарына қолжетімділігін кеңейту, архив ісін коммерцияландыру, мемлекетке келетін ықтимал жеңілдіктер жөнінде де талқыланды.
Депутат Болатбек Нажметдинұлы таратылатын заңды тұлғалардың құжаттарын мемлекеттік архивтерге тапсырудағы жүйелі бұзушылықтарға тоқталды. Ол талаптарды орындамағаны үшін жауапкершіліктің болмауы азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы құқығын растайтын құжаттарын жоғалтуға әкеп соғатынын айтты. Құжаттарды архивке бермегені немесе уақытылы өткізбегені үшін жауапкершілікті заңмен бекітуді ұсынды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов министрлік бұл ұсынысты заң жобасының екінші оқылымына әзірлеу кезінде ескеретінін атап өтті.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров аудандық деңгейде мұрағаттарда арнайы білімі жоқ қызметкерлер жиі жұмыс істейтінін, ал мамандандырылған жоғары оқу орындарын бітіргендер қалада қалуды жөн санайтынын айтты. Осы орайда ол баяндамашыдан аудандық мұрағаттарды білікті кадрлармен қамтамасыз ету шараларын сұрады. Айбек Сыдықов мамандарды ауылдық жерлерге көшіруге ынталандыру және олардың жалақысын көтеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Нәтижесінде, депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оны одан әрі талқылау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.
Сонымен қатар депутаттар VIII сайланған Парламент Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың төртінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті.
Мәжіліс комитеттері ТМД-ға мүше мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімге, мемлекеттердің радиациялық бақылау деректерімен алмасу саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімге, Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы жаңғыртылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімге, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімге қатысты жаңа ратификациялық заң жобаларын қарауға қабылдады.
Жалпы, отырыс қорытындысында Мәжіліс депутаттары өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 9 депутаттық сауал жолдады.