Мәлімдемеге сәйкес, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасының бойында жалпы саны 31 жылқы қолды болған. Осы қылмысқа қатысы бар 42 және 22 жастағы екі күдікті ұсталып, Кеген аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Шекара бойында өз бетінше жайылып жүрген жылқыларды қолды қылып, оңай пайда таппақ болған күдіктілерге қатысты алдын ала тергеу жұмысы басталды. Сондай-ақ олардың осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде. Жалпы, мал ұрлығына малшылар тарапынан тиісті бақылаудың болмауы себеп. Қараусыз жайылған малының жоғалғанын кеш байқаған адамдар полицейлерге уақыт өткізіп барып хабар беруі де қылмыстың дер кезінде ашылмауына түрткі болып отыр. Өз бетінше іздеп, табанынан таусылып жүргенде мал мен ұрыны іздестіруді жеңілдететін айғақ пен із жоғалып кетеді.
Айта кету керек, шекарашылар жергілікті тұрғындардың шекараға жақын маңда өз бетінше жайылып жүрген малының қауіпсіздігіне жауап бермейді. Өйткені жел өтіндегі әскерилерге Тәуелсіз Қазақстанның шебін көздің қарашығындай күзету жүктелген. Соған қарамастан, шекарашылар ауыл тұрғындарына қора мен өрістегі малына жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын күшейтуге шақырады. Шекарашылар берген ақпаратқа сәйкес қимылдаған жергілікті полиция қызметкерлерінің жедел-профилактикалық шарасының нәтижесінде барымташылар ұсталып, темір торға қамалды.
Ұрыларға заң қатал
Қазір қай аймақты алып қарасаңыз да, мал ұрлығы өршіп тұр. Шын мәнінде, мал ұрлығы жылдың қай мезгілінде де бәсеңдемейді. 2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында мал ұрлығына қатысты жаза барынша қатаңдатылды. Мал ұрлығы жеке бап болып енгізіліп, төрт түлікке қырғидай тиетіндер бұрынғыдай жеңіл жазамен құтылмайтын болды. Қазір сотта мал ұрлаушылардың қылмысы жалпы ұрлыққа кірмей, арнайы баппен қаралады. Бұл бап ауыр санатқа жатады және сотталушыны бас бостандығынан айырады.
Заңдағы 188-1-бапта бөтеннің малын ұрлағандардың мүлкі тәркіленіп, 3 000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмысына, 5 жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген.
Ал алдын ала сөз байласу арқылы мал ұрлаған қылмыстық топтың, ірі мөлшерде мал ұрлаушылардың жазасы бұдан да ауыр. Олардың да мүлкi тәркiленiп, 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылып, жазаланатын болса, тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен, бірнеше рет аса ірі мөлшерде және қылмыстық топ жасаған мал ұрлау бойынша жаза одан әрі қатаңдатылған.
Жалпы, мал ұрлағандарды табу, ұстау қандай қиын болса, қылмысты дәлелдеу мен жоғалған тұяқты орнына қою одан да күрделі. Біреудің қорасындағы малды болмашы ақшаға сата салатын қылмыскерлер өз қателігін мойындап, кешірім сұрап, көбіне ұрлағанын орнына қойып береді. Бірақ жоғалғаны табылған жәбірленуші енді «қайтқан малда береке бар» деп дау қумай, мәселені жылы жауып қоя алмайтынын ескеру керек. Себебі шығынды өтеп, істі болған қылмыскерлер жәбірленушілермен келісімге келе алмайды.
Мал ұрлығын басқа қылмыспен салыстырмау керек. Өйткені мал шаруашылығымен күн көріп отырған ауыл халқының төрт түлігіне қол сұғу табыс көзінен айырумен тең. Ал ұрланған малды сатып алушылар Конституцияның 196-бабына сәйкес «Қылмыстық жолмен көрінеу өндірілген мүлікті сатып алу немесе өткізу», 160 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұлмен (490 080 теңге) не түзеу жұмысымен, қоғамдық жұмысқа 160 сағатқа дейінгі мерзімге тартылумен не мерзімге тыйым салумен жазаланады.
Егер қылмыс бірнеше рет жасалса, 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде не түзеу жұмысымен не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту арқылы не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу арқылы жаза тағайындалады.
Қараусыз малға қырғидай тиеді
Алматы облысы полиция департементінің мәліметінше, 2023 жылы аймақта 296 мал ұрлығының фактісі тіркелген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 20 пайызғаға төмендеп, 244 барымтаға қатысты іс қозғалған. Сондай-ақ облыстың 9 ауданының ішінде мал ұрлығы ең көп тіркелген жер – мал шаруашылығы қарқынды дамыған Жамбыл ауданы.
«Талдау көрсеткендей, ұрлықтың басым бөлігі мал қараусыз қалған бос жайылымдар да болады. Осыған орай Алматы облысының полициясы мал иелеріне қауіпсіздік шарасын күшейтуді ұсынады. Атап айтқанда, қоршалған жайылымдарды пайдалану, түнгі кезекшілік ұйымдастыру және бейнебақылау жүйесін орнату қажет», – деп ескертеді департаменттен.
Полиция мәліметінше, 2024 жылы ұрланған 166 бас мал заңды иелеріне қайтарылған. Еске салайық, елімізде мал ұрлығы 30,5 пайызға азайды. 2024 жылы елімізде 1 026 мал ұрлығы болса, қылмыстың жартысынан көбі жайылымда болған.
«Қабылданған кешенді шаралардың арқасында кейінгі 5 жылда мал ұрлығы 64 пайызға азайды. Қылмыстың осы түрімен күресті күшейту мақсатында Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнамалық, ұйымдастырушылық және практикалық шараларды тұрақты түрде жүргізеді», – деді ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Оның айтуынша, осындай қадамдардың бірі ретінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін қабылдауды атап өтуге болады. Сондай-ақ жайылым ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілік белгіленген. 2024 жылы еліміз бойынша 38,5 мыңнан астам осындай бұзушылық анықталды. Былтыр мал ұрлығына қарсы республикалық деңгейде 2 іс-шара, өңірлік деңгейде 76 іс-шара өткізілген.
Ал жақында Балқаш өңірінде полицейлер бірқатар мал ұрлығын жасады деген күдікпен үш ер адамды ұстады. Тергеу ісінің басталуына Береке ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан жайылымнан ірі қара малдың жоғалғаны жөнінде жергілікті тұрғынның өтініші себеп болды. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын 2,4 млн теңгені құрады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
«Жедел іс-шаралар барысында Береке ауылының маңында полиция қызметкерлері Volkswagen Jetta автокөлігін тоқтатты. Автокөліктің салонында екі адам болған, көлікті тексеру кезінде сиыр малының екі тұтас еті, тегіс ұңғылы мылтық, балта және асүй пышағы табылып, тәркіленді. Кейін тәртіп сақшылары қылмыстық топтың тағы бір мүшесін ұстады. Күдіктілердің үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады жауапты ведомство.
Қазір бұл топтың оннан астам мал ұрлығына қатысы бар екені дәлелденді. Олардың аймақтағы осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.
Алматы облысының полиция департаменті мал иелеріне сақтық шараларын сақтау қажетін жиі ескертеді. Ол үшін малды қараусыз қалдырмау, ұйымдастырылған жайылымдарға тапсыру, қора-жайларды бейнебақылау жүйесімен жабдықтау, малдың қозғалысын бақылауға арналған құралдарды пайдалану, сондай-ақ күдікті адамдар мен көліктерді байқаған жағдайда дереу полицияға хабар беру қажет.
Көктем ҚАРҚЫН