Алматыда заңсыз шот-фактура жасатқандар 8 жылға сотталды

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 686 миллион теңге көлемінде аса ірі шығын келтірілген.

Алматыда жалған шот-фактураларын пайдалану схемасы арқылы салық төлемінен жалтаруға байланысты қылмыстық істі тергеп-тексеру аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 686 миллион теңге көлемінде аса ірі шығын келтірілген.

Бір топ адам тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді іс жүзінде тиеп жібермей, жалған шот-фактураларды жазып беру арқылы қылмыстық схеманы ұйымдастырғаны анықталды.

Құқыққа қарсы іс-әрекеттің іздерін жасыру және салықтық бақылауды айналып өту мақсатында жалған біріктіру жүргізілген, кейіннен құжаттар рәсімделген серіктестік, формалды түрде таратылған.

Қадағалау қызметі аясында қала прокуратурасы наразылық білдіріп, нәтижесінде заңсыз біріктіру тоқтатылды.

Жалған шот-фактураларды жазып беру фактісі Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген.

Сот қылмыстық топтың алты қатысушысын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216 (шот-фактураларды жалған жазу) және 262-баптарында (ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оны басқару) көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп тапты.

Сот сотталғандардың әрқайсысының кінәсінің ауырлығына байланысты 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.